Президент: Қазақстанның басты мақсаты – дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, еңбек адамын қорғау және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайту мәселелеріне тоқталды. Президент атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс екенін айтып, зиянды өндіріс қызметкерлеріне берілген жаңа әлеуметтік кепілдіктер мен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістерге жоғары баға берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің көп деңгейлі жүйесі жолға қойылған. Бұл көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Көмек «Отбасының цифрлық картасы» технологиялық шешімі арқылы көрсетіледі. Парламент депутаттарының табандылығы арқасында зиянды өндірісте еңбек ететіндердің мәселесі шешілді. Бұл жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткіл еді. Енді өндіріс еңбеккерлері әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жеңілірек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға, ойынқұмарлыққа, есірткі қылмысына және кибералаяқтыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдеріңіз жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет екенін атап өтті.
«Қашанда жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет. Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек. Жалпы, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл тағылымды іске депутаттар корпусы – сіздер де зор үлес қостыңыздар. Әрине, сіздер атқарған ауқымды жұмыстың мән-маңызын бір ғана жиынның аясында жеткізу мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы.