Президент: Өткен жылы Қазақстанда рекордтық көлемде тұрғын үй салынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсіп кешені мен фармацевтика саласында соңғы жылдары қол жеткізілген нәтижелерді атап өтті. Сонымен қатар Президент алдағы міндеттерді орындау үшін жұмысты одан әрі күшейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор. Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды. Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріп келеміз. Биыл шалғай елдімекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады. Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы былтыр агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылғанын атап өтті.
«Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақмерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз. Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек», – деді Қ.Тоқаев.