Премьер-министр тау-кен металлургия саласын цифрлық трансформациялаудың маңызын атады
Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллектіні геологиялық барлау үдерістеріне енгізу еліміздің минералдық-шикізаттық базасын игеру тиімділігін арттырып, жаңа кен орындарын ашу жұмыстарын жеделдететінін мәлім етті деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олжас Бектенов тау-кен металлургия саласын дамытудың маңызды құралдарының бірі цифрлық трансформациялау екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Тау-кен металлургия кешені үшін бұл өндірістік және геологиялық үдерістерді басқарудың түбегейлі жаңа моделіне көшуді білдіреді. Цифрлық технологиялар еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды төмендетуге, ресурстарды тиімді басқаруға және шешімдерді үлкен деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінде Қазақстанда Біріккен жер қойнауын пайдалану платформасы құрылды, ол арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Лицензия беру және жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін бақылау процестері автоматтандырылды. Бұрын қағаз түрінде, магниттік таспаларда және фотосуреттерде сақталған 4,6 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат цифрланды.
«Келесі кезеңде жасанды интеллект технологияларын геологиялық барлау, деректерді талдау және өндірісті басқару процестеріне интеграциялау қажет. Бұл еліміздің минералдық-шикізаттық базасын игеру тиімділігін айтарлықтай арттырып, жаңа кен орындарын ашуды жеделдетіп, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартады», - деп атап өтті Премьер-министр.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысты.