Референдум-2026

Премьер-министр энергетика және көлік саласындағы жобаларды жеделдетуді талап етті

Бүгін, 12:21
Думан Аманжол Думан Аманжол
Премьер-министр энергетика және көлік саласындағы жобаларды жеделдетуді талап етті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының елімізді одан әрі индустрияландыру және цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жаңа электр энергиясын өндіретін нысандарды іске қосу маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына электр энергиясын өндіру саласындағы негізгі жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

«Көмір химиясының қолда бар әлеуетін ескере отырып, көмірді қайта өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды арттыру жұмысын жандандыруды және әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Экономиканың дамуы елімізді одан әрі индустрияландыру мен цифрландыру, сондай-ақ инфрақұрылымға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды арттыруды талап етеді», — деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылары Алматы электр стансалары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақтылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін тағы да еске салды.

«Самұрық-Энерго» компаниясының басшысы, Қайрат Мақсұтов. Өткен аптада энергетика министрі Алматыға барып, екінші және үшінші ТЭЦ-ті тексеріп келді. Үшінші ТЭЦ бойынша жағдай мәз емес. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың соңына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз», — деп тапсырды Премьер-министр.

Сонымен қатар мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Үкіметте сондай-ақ көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемі жылына 55 млн тоннаға дейін ұлғаятынын атап өтті.

«Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, сондай-ақ вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын. Автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары аясында олардың нормативтік талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет. Мультимодальды транзит көлемін арттыру үшін көлік саласын цифрлық трансформациялау керек. Көлік министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, заманауи цифрлық құралдарды енгізуді, содан кейін оларды Smart Data Transport бірыңғай «деректер көліне» біріктіруді қамтамасыз етсін. Бұл саланың ашықтығын арттыруға және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік береді», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктері мен салалық мемлекеттік органдарға бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды жан-жақты тексеріп, мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.