Бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларға толық тексеру жүргізіледі – Премьер-министр
Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктері мен салалық мемлекеттік органдарға бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды жан-жақты тексеріп, мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында инвестициялық жобалардың іске асырылуын және арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Сонымен қатар құрылыс қарқынын сақтау және тұрғын үйлерді белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселесі де ерекше бақылауда болады.
«Өңдеуші сектордың өсу қарқыны – инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуына байланысты. Өңір әкімдіктерімен бірге бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаны мұқият тексеріп шығып, мәселелерді анықтауды және оларды шешудің нақты шараларын айқындауды тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақтар тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері әзірленді. Өнеркәсіп министрлігі бір ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын енгізсін. Құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын сақтап, тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Әрбір нысан бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп, туындайтын мәселелер жедел түрде шешілуге тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салудың ауқымды бағдарламасын іске асыруға кірісетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жоба азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған және заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға басымдық беріледі.
«Мемлекет басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл бастама жақын арада ел азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше басымдық беру қажет. Нұрлыбек Машбекұлы, Сізге тиісті тапсырмалар берілді, жұмысқа дереу кірісіңіз», – деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Олжас Бектенов металлургияны дамытудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырған болатын.