Көлік полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 9,5 келі есірткі тәркіледі

Бүгін, 17:45
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Көлік полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 9,5 келі есірткі тәркіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Көлік полицейлері аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау фактісінің жолын кесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2025 жылдың жазында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Абай облысының 31 жастағы тұрғынын аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз дайындағаны және сақтағаны үшін ұстады. Ер адам Ертіс өзенінің жағасынан жабайы өсетін қарасораны жинап, кептіргені анықталды. Тінту кезінде ұсталған азаматтың шалбарының қалтасынан жалпы салмағы 232 грамм болатын гашиш тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты құқық бұзушыны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 51 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 10-ы сату фактісі, біреуі аса ірі мөлшерде сақтау фактісі және екі контрабанда дерегі және басқа да құқық бұзушылықтар бар. Заңсыз айналымнан 9,5 келі түрлі есірткі тәркіленді.

Бұған дейін полицейлер он күн ішінде 48 есірткі қылмысын анықтағанын жаздық.