Павлодар облысындағы спорт ұйымдарында сотталғандар, жалған дипломы барлар жұмыс істеген

Павлодар облысындағы спорт ұйымдарында сотталғандар, жалған дипломы барлар жұмыс істеген
Фото: nege.kz

Прокуратура өңірдегі спорт нысандарын тексерді. Оның ішінде стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждері бар. Тексеру барысында көптеген кемшілік анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар облысының прокуратурасына сілтеме жасап.  

Спорттық құрылыстардың кейбірі заңсыз жеке тұлғалардың иелігіне берілген. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген.
Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, ал коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген.
Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды.
Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі бойынша сотта қаралуда.
Спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың жұмыс істегені анықталды.

Спортшыларды жоқ қонақүйге орналастыру жөнінде жалған шарттар жасалған. Нәтижесінде бюджетке 2,8 млн теңге залал келген.

Тексеру нәтижесі спорт нысандарының басым бөлігінің тозғанын көрсетті. Трибуналардың қирауы, шатырлардан су ағуы, мүгедектігі бар адамдарға жағдайдың болмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеуі анықталды.
Аталған заң бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында прокуратура қадағалау актілерін жасады.