Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9,8 трлн теңгені құрады
Соңғы жылдары Қазақстанның аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, өсім өсімдік шаруашылығында да, мал шаруашылығында да байқалды. Таза салмақта 25,9 млн тонна астық, оның ішінде 19,3 млн тонна бидай жиналды. Майлы дақылдардан 4,8 млн тонна рекордтық өнім, сондай-ақ 1 млн тоннадан астам бұршақ дақылдары алынды.
«Ауыл шаруашылығы шикізаты өндірісінің өсуі аясында қайта өңдеу өнеркәсібі де дамуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,1%-ға жоғары. Өндірістің өсуі өнімнің көптеген түрлері бойынша байқалады. Ет консервілерінің өндірісі 43%-ға, жарма өнімдері 28,7%-ға, қайта өңделген және консервіленген жеміс-көкөністер 27%-ға, сары май 24,8%-ға, өсімдік майы 17,4%-ға, макарон өнімдері 12,5%-ға артты. Ұн өндірісі 3,6 млн тоннаға дейін өсті, ірімшік пен сүзбе өндірісі 13%-ға, қышқыл сүт өнімдері 8%-дан астамға көбейді», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Еске салайық, бұдан бұрын Астанада 8 наурыз қарсаңында азық-түлік жәрмеңкесінде гүл сатылатыны туралы жаздық.