Отбасы ішінде АИТВ туралы сөйлесу: ақпараттың, сүйіспеншіліктің және өзара қолдаудың маңызы

Отбасы ішінде АИТВ туралы сөйлесу: ақпараттың,  сүйіспеншіліктің және өзара қолдаудың маңызы
Фото: freepik.com

АИТВ (адамның иммунтапшылығы вирусы) тақырыбы көптеген отбасылар үшін әлі де сезімтал болып қала береді: оны көбіне қорқыныштың, білімнің жеткіліксіздігінің немесе стереотиптердің әсерінен айналып өтеді. Алайда дәл осындай мәселелерді жақын адамдар арасында ашық әрі сабырлы түрде талқылау мазасыздықты төмендетуге, түсінбеушіліктің алдын алуға және әркім өзін қауіпсіз сезінетін атмосфера қалыптастыруға мүмкіндік береді.

АИТВ – тек медициналық диагноз емес, сонымен бірге эмоционалдық тәжірибе. АИТВ-мен өмір сүретін көптеген адамдар күн сайын ішкі кедергілермен бетпе-бет келеді: стигмадан қорқу, айналасындағылардың реакциясына алаңдау, болашаққа қатысты уайым, қарым-қатынастарға байланысты күмән. Сырт көзге мұның бәрі байқалмауы мүмкін. Көп жағдайда отбасы мүшелері адам қандай эмоционалдық жүктемені көтеріп жүргенін білмеуі мүмкін, өйткені әркім өзінің сезімдерін бөлісуге дайын емес – жақындарын уайымдатудан немесе түсінбеушілікке тап болудан қорқады.

Осындай жағдайда отбасының ақпараттануы ерекше маңызды. Отбасы АИТВ туралы қазіргі ғылыми деректерді – жұғу жолдарын, терапияның тиімділігін, бірлескен тұрмыстың қауіпсіздігін – білсе, белгісіздіктен туатын үрей жоғалады. Сенімді ақпарат сенімнің негізіне айналады. Бүгінде АИТВ тұрмыстық қатынастар арқылы берілмейтіні, терапия қабылдайтын адамдардың толыққанды, белсенді өмір сүретіні және уақтылы ем қабылдау вирус берілу қаупін барынша төмендететіні белгілі. Бұл деректерді отбасының барлық мүшесі түсінгенде, денсаулыққа қатысты әңгімелер де тыныш, артық мазасыздықсыз өтеді.

Эмоционалдық қолдаудың да маңызы өте зор. АИТВ-мен өмір сүретін адам үшін отбасының қабылдауы, сүйіспеншілігі және қандай жағдайда да жанында болуға дайын екені – ең үлкен тірек. Жақындардың жылы қарым-қатынасы күйзелісті азайтып, емді тұрақты қабылдауға көмектеседі және жалпы жағдайды жақсартады. Кейде қарапайым қолдау сөздері адамның ішкі уайымын едәуір жеңілдетеді.

Қолдау тек диагнозы бар адамға ғана емес, оның жақындарына да қажет. АИТВ тақырыбына алғаш рет тап болған отбасы мүшелерінің де өз қорқыныштары, сұрақтары болуы мүмкін. Ашық әңгіме әркімге өз сезімін білдіруге, сұрақ қоюға және бірге жауап табуға мүмкіндік береді. Мұндай өзара түсіністік қарым-қатынасты нығайтып, отбасының бірлігін арттырады.

Отбасында сенім, қамқорлық және бір-бірін тыңдай білу мәдениеті болғанда, АИТВ туралы әңгіме қорқыныштың немесе қысымның көзіне айналмайды. Керісінше – өзара қолдаудың, жақынырақ түсінудің және үйлесімді қарым-қатынастың іргетасы бола алады. Білім мифтерді жояды, сүйіспеншілік мазасыздықты азайтады, ал қабылдау отбасыны адамның өзін қауіпсіз сезінетін орынға айналдырады.

Қамқорлық, ақпарат және өзара қолдау – отбасының кез келген қиындықты бірге еңсеруіне мүмкіндік беретін негізгі құндылықтар.

Астана қаласының АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында АИТВ-ға тегін талдау жасап, психотерапевт, эпидемиолог, инфекционист, дерматолог мамандардан кеңес алуға болады.

Орталықтың сенім телефондары: 38-04-64, 38-07-02.

АИТВ орталығының сайты: www.kazaids.kz.

Астана қаласы

АИТВ-инфекциясының
алдын алу орталығының
эпидемиолог-дәрігері А. Уразова