Отбасы банкі 2 наурыздан бастап кезекте тұрғандарға тұрғын үй беру ережесін өзгертеді

Бүгін, 17:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Отбасы банкі 2 наурыздан бастап кезекте тұрғандарға тұрғын үй беру ережесін өзгертеді
фото: Оңалхан Өнерхан

2 наурыздан бастап Отбасы банк тұрғын үйді тек түгендеуден өткеннен кейін ғана үлестіретін болады. Аталған рәсімнен өтпей пәтер және жеңілдіктермен несие алу процесіне қатыса алмайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Отбасы банкінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Түгендеу – бұл кезекте тұрған азаматтардың мәліметтерін тексеру және нақтылау рәсімі. Ол қателерді болдырмауға, кезекте тұрған адамның өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, сондай-ақ оның тұрғын үйінің бар-жоғын нақты көрсетуге мүмкіндік береді.

Егер кезекте тұрған азамат түгендеуден өтпесе, оны кезектен шығармайды. Алайда ол қанша уақыт кезекте тұрса да, тұрғын үйді бөлу процесіне қатыса алмайды. Түгендеуден өтпеген жағдайда банк оған жалдамалы тұрғын үйді де, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін де ұсына алмайды.

Бастапқы кезеңде, Отбасы банк тұрғын үйді бөлу бойынша жаңа функцияны енді іске асыра бастағанда, уақытша шешім қабылданып, тұрғын үй түгендеуден өтпеген кезекте тұрған азаматтарға да үлестірілді. Бұл тұрғын үй бөлу процесін жедел бастау және азаматтардың күту уақытын қысқарту үшін қажет шара болды. Міндетті түрде түгендеуден өту пәтер бөлінгеннен кейін жүргізілді. 

Кей жағдайда инвентаризация барысында азаматтың бұрыннан тұрғын үй сатып алғаны анықталып, оның енді тұрғын үйге мұқтаж емес екені белгілі болатын. Ал кейбір отбасыларда отбасы құрамының өзгеріп, балалары көбейгені анықталатын, бірақ оларға ауданы кішірек пәтер бөлінген жағдайлар да болды. Осындай жағдайлар тұрғын үйді бөлу процесін қайта бастауға әкелетін, - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Отабасы банк азаматтар арасында тұрғын үйді белсенді түрде үлестіруде. Осы мақсатта облыс әкімдіктері банкке барлығы 13 393 пәтерді тапсырды, оның 8 846-сы жалдамалы тұрғын үйге, ал 4 547-сі несиелік тұрғын үйге арналған. Банк тұрғын үйді үлестіруді бастағалы бері 4 216 қазақстандық отбасы қоныс тойын атап өтті.

Еске салайық, бұдан бұрын Отбасы банктегі жинақ ақшаны алаяқтардан қалай қорғау керек екені туралы жаздық.