Оңтүстік өңірлерде 100-ден астам канал автоматтандыруға көшті
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту аясында елдің оңтүстік өңірлерінде жалпы ұзындығы 968 шақырымды құрайтын, 65 мың гектар жерді суаратын 103 ирригациялық канал автоматтандырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар бұған дейін жаңғыртудан өткен, ұзындығы 1184 шақырым болатын 270 канал да автоматтандыру жүйесіне қосылып жатыр. Бұдан бөлек, автоматтандыру элементтері мен заманауи су есептеу жүйелерін енгізуді қамтитын ирригациялық каналдарды реконструкциялау бойынша 264 жоба бойынша жобалау-сметалық құжат дайындалу үстінде.
«Министрлік цифрлық құралдарды ұштастыра отырып, су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруда. Мұндай тәсіл экономиканың түрлі салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, елдің су қауіпсіздігін нығайтуға және өмірлік маңызы бар ресурсты болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазіргі таңда министрлік әзірлеген ұлттық ақпараттық жүйесі 22 мың су нысанын қамтиды. Оның ішінде 17 мыңнан астам өзен, шамамен 4 мың көл және гидротехникалық нысандардың 60 пайызы бар. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам канал цифрландырылып, гидротехникалық нысандарды қамту деңгейі толық 100 пайызға жеткізілмек.
Сонымен қатар ел бойынша бірыңғай су балансы қалыптастырылуда. Бұл жүйе су шаруашылығы учаскелері бойынша нақты су ағынын, су қоймаларындағы жинақ көлемін және суды тұтыну деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, ғарыштық мониторинг пен гидробекеттер деректері бір жүйеге біріктіріліп жатыр.
Еске салсақ, Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қатысуымен «Қамбар ата-1» ГЭС-ін салу бойынша келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті.