Өңірлерде ваучерлік қаржыландыру есебінен 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді
Елімізде балабақшалар 2024 жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру механизміне кезең-кезеңімен көшіріле бастады. Бүгінге дейін жаңа жүйеге 5 231 мектепке дейінгі ұйым қосылып, 726 мың балаға ваучер берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, қызмет сапасын және ашықтықты арттыру мақсатында бастапқыда пилоттық режимде іске қосылып, тиімділігін дәлелдеген ваучерлік қаржыландыру биылдан бастап өңірлерде масштабталуда. Бүгінгі күні оған 20 қала, 16 ауданнан балабақшалар қосылды.
«Жыл басынан бері 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп, жаңа ваучерлерді қаржыландыруға мақсатты түрде бағытталды. Бұл жүйе балабақша тізіміндегі «жансыздар» мен жалған жазбаларды анықтауға мүмкіндік берді, сондай-ақ балабақша кезегін айтарлықтай қысқартты. «Ақша баламен бірге жүреді» принципі бойынша жұмыс істейтін жаңа бастама ата-аналарға таңдауды өздері жасауға және балабақшаны ауыстыруға да мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін адал бәсекелестік тудырады», - деді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ваучерлік қаржыландыру моделін тек 5 қалада (Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана) сынақтан өткізу кезектілікті 44%-ға қысқартуға мүмкіндік берген болатын.
Бұған дейін Қазақстанда 2-6 жастағы бүлдіршіндер үшін балабақша кезегі екі есе қысқарғанын жаздық.