Өнеркәсіптің өңдеу секторындағы өсім төрт айда 10 пайыздай болды

Өнеркәсіптің өңдеу секторындағы өсім төрт айда 10 пайыздай болды
Фото: freepik.com

Еліміздің экономикасының өсу қарқыны төртінші ай қатарынан артып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының қазіргі деректері бойынша, 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% болды.

Бірінші тоқсанның қорытындысымен салыстырғанда экономикалық өсім қарқыны айтарлықтай жақсарды. Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс оң өсім көрсетті.  Нақты көлем индексі 102,1% болса, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 99,9%-ға төмендеу тіркелді.

Өнеркәсіпті қалпына келтірудің негізгі факторы өңдеу секторының жеделдеуі болды. Онда өндіріс қаңтар-наурыздағы 8,5%-ға қарағанда 9,9%-ға өсті.

Машина жасаудағы жоғары өсу қарқыны (өсу 23,3%) көлік, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, электр тауары мен жабдығын шығару көлемін ұлғайту есебінен сақталады.

Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірісінде 2,3 есе, жиһаз өндірісінде 41,7%, фармацевтика өнімінде 35,2%, құрылыс материалдарында 27,7%, химия өнеркәсібінде 18,4%, тамақ өнімдерінде 14,4% өсу байқалады.

Тау-кен өнеркәсібінде төмендеу сақталғанмен (92,7%), оның қарқыны бірінші тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай бәсеңдеді (88,6%). Бұл өндірістің біртіндеп қалпына келуін және мұнай секторының жалпы экономикалық динамикаға теріс үлесінің азаюын көрсетеді.

Тұтастай алғанда, жылдың алғашқы төрт айындағы экономиканың оң серпіні негізгі секторлардағы орнықты өсумен қамтамасыз етілді. Ең жоғары өсім қарқыны мына салаларда тіркелді:
құрылыс -114,5%;
көлік және қоймалау - 112%;
өңдеу - 109,9%;
сауда - 105,1%;
ауыл шаруашылығы -103,6%.

Еске сала кетсек, Президент Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалауды тапсырды.