Құрылтайда Словакиямен парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін, 12:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Құрылтайда Словакиямен парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды
Фото: Құрылтай

Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаев Словак Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Любомир Регакпен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен екіжақты байланысты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында комитет төрағасы елшіні Словакияның Қазақстандағы өкілі қызметіне қайта тағайындалуымен құттықтап, екі ел арасындағы парламентаралық байланысты кеңейтудің зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

Депутат елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және конституциялық реформалар, соның ішінде бір палаталы Құрылтайға көшу жөніндегі бастамалар туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ ол екі елдің тиісті комитеттері арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мүдделерді халықаралық парламенттік алаңдарда бірлесіп ілгерілетудің маңыздылығына тоқталды.

– Екі елдің тиісті комитеттері арасында тұрақты байланыс орнатып, заң шығару тәжірибесімен бөлісу маңызды. Сондай-ақ халықаралық мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастырып, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін халықаралық парламенттік алаңдардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет, – деді комитет төрағасы.

Өз кезегінде Любомир Регак оны Құрылтай депутаты болып сайлануымен құттықтап, Словакия парламентінің Халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының құттықтау хатын табыс етті.

Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де сөз болды. Қазіргі уақытта Қазақстанда словак капиталының қатысуымен 50-ден астам компания жұмыс істейді. Тараптар екі ел арасындағы сауда көлемін арттыру, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту және кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайту үшін бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Словакия арасындағы әріптестікті нығайтуға мүдделі екендіктерін растады.