Олжас Бектенов: Еліміз Президент басшылығымен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті отандастар!
Біздің еліміз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен сенімді түрде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Кеше жалпыхалықтық референдумда Қазақстан азаматтары ауызбіршілік пен нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына жаппай қолдауын білдірді», - деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов халықпен бірге ауқымы мен мән-маңызы тұрғысынан ел тағдырына қатысты тарихи оқиғаның тікелей куәгері болғанына назар аударды.
«Президентіміз атап өткендей, қазақстандықтар жаңару мен жаңғыру үшін дауыс беріп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлестерін қосты.
Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанның жаңа тарихы ұлттық дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді ұлықтап, тек демократиялық құндылықтар негізінде қалыптасуда.
Жүргізіліп жатқан өзгерістердің сапасы мен даму қарқынын қамтамасыз ете отырып, бәріміз бірге алға қойылған мақсат-міндеттерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Барша қазақстандықтарды Отанымыздың Бірлігі мен Тәуелсіздігінің және Егемендігінің символы болып табылатын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын!», - деді ол.
Еске сала кетсек, Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама деректері бойынша референдумда 86,7% дауыс беруші жаңа Конституцияны қабылдауды қолдаған.