Нұрсұлтан Байтілесов: Бір азаматтың қалауы екінші азаматтың құқығын шектемеуі тиіс
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов жаңа Конституциядағы зайырлылық қағидаты мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Біз жаңа Конституция жобасының жетінші бабына тоқталамыз. Бірақ алдымен бірінші бапқа назар аударайық. Онда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп жазылған. Бұл жерде басты құндылық – адам құқықтарының қорғалуы, - деді ол «Референдум-2026» атты онлайн-марафонда.
Ол жетінші баптың мәнін нақтылап, дін мен мемлекеттік құрылымның бөлінетінін түсіндірді.
Бұрынғы 1995 жылғы Конституциядағы баппен салыстырғанда қазіргі діни ұйымдардың және ағымдардың ақпараттық мүмкіндіктері мүлдем өзгеше. Әрбір азамат өз сеніміне ерікті түрде ие болуы тиіс. Алайда, егер діни ағымдардың әрекеті басқа азаматтардың денсаулығына немесе құқығына қауіп төндірсе, бұл шектелуі керек. Мысалы, егер бір азамат белгілі бір діни ағымға кірсе, ол өз әйелін немесе басқа азаматты мәжбүрлеп сол ағымға кіргізе алмайды. Бұл – адамның құқығын шектеу, - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Депутат атап өткендей, жаңа Конституция жобасында зайырлылық қағидатының нақты көрсетілуі – азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды қадамы.
Бір азаматтың қалауы екінші азаматтың құқығын шектемеуі тиіс. Бұл – зайырлы мемлекеттегі негізгі қағидат және Конституцияның басты мәнінің бірі, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталғаны туралы хабарладық.