Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту пилоттық жобасына 484 отбасы қатысты

Бүгін, 16:17
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту пилоттық жобасына 484 отбасы  қатысты
Фото: ОКҚ

Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту пилоттық жобасы нәтижесінде балалардың 73%-ында қозғалыс функциялары жақсарды, 21 бала өз бетінше жүре бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz ОКҚ алаңында өткен брифингке сілтеме жасап. 

Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 4 өңірде «Қазақстан халқына» ҚҚ бірлесіп «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасын іске асырып жатыр.

«Абай, Қызылорда, Павлодар облыстарында және Шымкент қаласында жобаға мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 484 отбасы қатысты. Балаларға қор қаражаты есебінен инновациялық, қымбат тұратын оңалту құралдары берілді. Осы пилоттық жобаны іске асыру нәтижесінде балалардың 73%-ында қозғалыс функцияларының жақсаруы байқалады, 21 бала өз бетінше жүре бастады», – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Пилоттық жоба аясында оңалтудың цифрлық күнделігі және отбасыларды сүйемелдеуге арналған мобильді қосымша енгізілді. Цифрлық күнделік бақылауды және оңалту тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Еске салайық, бұдан бұрын келесі жылдан бастап мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 10%-ға артатынын хабарладық.