Референдум-2026

Мүфтият тойдағы даулы уағызға қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 15:43
Думан Аманжол Думан Аманжол
Мүфтият тойдағы даулы уағызға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желіде кеңінен тараған тойдағы даулы уағызға байланысты ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мүфтияттың мәліметінше, «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда айтылған сөз қоғамда қызу талқыланып, түрлі түсінбеушілік туғызған.

ҚМДБ Ислам діні насихаттың даналықпен жүргізілуін, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауды және әр адамның ар-намысына құрметпен қарауды үндейтінін атап өтті.

«Сондықтан қандай да бір діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ діни басқарма Ислам діні адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді құптамайтынын еске салды. Дегенмен дін мен дәстүрдің асыл құндылықтарын насихаттайтын, Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін әндерге рұқсат берілетіні жөнінде Ислам ғалымдарының пікірлері бар екені айтылды.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз», - деп хабарлады ҚМДБ.

Еске салсақ, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда тілек айту барысында ерсі уағыз айтып, қоғамда қызу талқыланған видеоға қатысты әлеуметтік желіде жазба қалдырды.