Референдум-2026

Мереке Құлкенов: Абайды оқу – өз болмысымызға үңілу

Бүгін, 17:35
Думан Аманжол Думан Аманжол
Мереке Құлкенов: Абайды оқу – өз болмысымызға үңілу
Фото: Қазақстан Жазушылар одағы

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Абай күніне орай қаламгерлер мен әдебиетсүйер қауымды құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол өз құттықтауында ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өтті.

«Абай – қазақтың сөз өнерін биік деңгейге көтеріп қана қойған жоқ, ұлттың ойлау жүйесіне, дүниетанымына, рухани болмысына өлшеусіз ықпал еткен ұлы тұлға. Оның «толық адам» туралы тағылымы, ғылым мен білімге, еңбек пен әділетке үндеген өсиеті бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын Абай сөзіне деген қажеттілік артып келеді.

Абайдың шығармалары – ұлттың рухани жады, ал оның қара сөздері – ұрпақ тәрбиесіне, адамдық қасиетке, елдік санаға қызмет ететін өміршең мұра. Сондықтан Абайды тану – қазақтың өзін тануы, Абайды оқу – өз болмысымызға үңілу..

Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы үшін де Абай мұрасын насихаттау, оның шығармашылық дәстүрін жалғастыру, жас ұрпақты ұлттық әдебиетке жақындату – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, жас қаламгерлердің Абайдан үйреніп, оның сөз өнеріндегі биік талаптарын шығармашылық бағдар етуі аса қажет.

Ұлы ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген сөзі әрбір буын үшін темірқазық болуға тиіс. Абай аңсаған білімді, еңбекқор, әділетті, парасатты қоғам құру жолындағы ізденісіміз де осы ұлы мұраттармен сабақтас.

Абай күні – ұлттың рухани құндылықтарына қайта үңіліп, сөздің қадірін, ойдың салмағын бағалайтын тағылымды күн.

Абай мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақ елінің рухани өмірінің темірқазығы бола берсін!

Абай күні құтты болсын», - деген тілегін білдірді Мереке Құлкенов.