Мемлекеттік сатып алуда конкурсты өткізу мерзімі қысқартылды
Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәлімдеуінше конкурстардың өткізу мерзімі 60 күннен 10 күнге дейін қысқарған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Дәурен Кеңбейіл ОКҚ алаңында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның басты ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, процестер толықтай оңтайландырылған. Конкурстардың өткізу мерзімі 60 күннен 10 күнге дейін, ал рейтингтік-балдық жүйе бойынша конкурстарды өткізу мерзімі бес күнге дейін қысқарған. Рейтингтік балдық жүйе жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы жеңімпазды анықтайды. Сонымен қатар конкурстың қорытындысы бойынша шағымдарды қарау тәртібі өзгерді.
«Егер 2025 жылға дейін шағымдарды қарау бірнеше кезеңнен тұрса, қазір оңтайландырылды. Шағымдарды қарау тапсырыс берушіге жүктелген, оған 3 күн берілді. Егер әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің қорытындысымен келіспесе, ол сотқа шағымданады. Бұл ретте конкурстың өтуі тоқтатылмайды, одан әрі жалғасады», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Мемлекеттік сатып алулардың сапасын көтеру мақсатында жаңа заңда EPC шарттары сияқты жаңашылдықтар енгізілді. Сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің жауапкершілігін көтеру бойынша жұмыс атқарылды.
Еске сала кетсек, елімізде инфляция жаңа тәсілмен есептелетінін хабарладық.