Астана қаласының мәслихат депутаттары әкімдікпен бірлесе отырып, алдағы үш жылға арналған негізгі салаларды дамыту жөніндегі кешенді жоспарларды әзірлеп, іске асыруда. Бұл жөнінде Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Соның бірі – «Қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары». Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктерді арттыру үшін қаражат бөлінді. Бұлар: Тұрғын үй төлемдерін қамтамасыз ету; Патрульдік полиция қызметкерлерінің арнайы формалық киімдерін сатып алу; Оперативті басқару орталығының (ОБО) бейнебақылау жүйесін жаңғырту», - деп жазды Е.Каналимов.
Сондай-ақ депутаттар қолдауымен 100 сандық бейнебақылау камерасы орнатылды және жаңартылған.
«Цифрлық полицей» жобасы аясында құқық қорғау қызметкерлеріне 100 мобильді планшет берілді; учаскелік инспекторлар үшін видеорегистраторлармен жабдықталған 924 смарт-жетон үш жылға жалға алынды. Бұл шаралар полицияның жұмыс тиімділігін арттыруға, елорда тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған», - деді ол.