Коллекторлар үшінші тұлғаға хабарласуға қаншалықты құқылы – заңгер жауабы
Борышкерлер коллектормен қалай сөйлесуі керек? Коллекторлардың үшінші тұлғаларға, яғни борышкердің жақындарына хабарласуға құқығы бар ма? Бұл туралы кәсіби заңгер, ReStartMe заң компаниясының директоры Ғайни Абылқасова Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Борышкерлер коллекторлар хабарласқан кезде ең бастысы эмоцияға берілмеу керек. Егер коллектор сізге қоқан-лоқы жасап, қысым көрсетсе, өзінің құзыретін заң шеңберінен асыра пайдаланса, сіз құқығыңыздың бұзылғаны туралы дәлел жинауыңыз керек. Яғни жекеңізге жазған хабарламалар скрині мен қоңыраулар кезіндегі әңгімені жазып алу қажет. Құқығыңыздың бұзылғаны туралы Қаржы мониторингі агенттігіне арыз жазуға болады. Содан кейін агенттік сол деректер арқылы сіздің құқығыңыздың қаншалықты бұзылғанына немесе коллектордың әрекетінің қаншалықты дұрыс яки дұрыс еместігіне сараптама жасау арқылы шешім шығарады. Егер коллектордың әрекеті дұрыс емес екені дәлелденсе, оларға, сол ұйымға айыппұл салынуы мүмкін», - деді заңгер Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар заңгер коллекторлардың үшінші тұлғаларға, яғни борышкердің жақындарына хабарласуға қаншалықты құқылы екенін айтты.
«Бұл жердегі сұрақ оның үшінші тұлғаға хабарласу мақсаты қандай? Егер де ол борышкердің қарызы туралы немесе төлемнің кешіктірілгені жайлы, қарыз сомасының мөлшері туралы үшінші тұлғаға жеткізсе, балағат сөздер айтса, демек онда борышкердің құқығын бұзып отыр деген сөз. Ал егер борышкер қоңырауларға жауап беруден жалтарып жүрсе, оның жөні бөлек. Демек оның төлемге қатысты жоспарын білмегендіктен, коллектор үшінші тұлғаға хабарласып, борышкердің қайда жұмыс істейтінін сұраса, онда ол заңды болып есептеледі», - деді Ғайни Абылқасова.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда несиелердің есептен шығарылатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаған болатынбыз.
Сонымен қатар несиені ресімдеу алдында нені білу маңызды екенін жаздық.