Көктемгі су тасқынына дайындық: 110 шақырым өзен арнасы тазартылып жатыр
2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қазақстанның алты облысында өзен арналарының жалпы ұзындығы 109,5 шақырым болатын учаскесінде қалпына келтіру жұмыстары (тазалау және тереңдету) жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Абай, Ақмола, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тоғыз өзеннің 83,7 шақырым аумағында жұмыстар толық аяқталды.
Ал қыс мезгіліне байланысты Ақмола және Қарағанды облыстарындағы үш өзеннің 25,8 шақырым учаскесінде тазалау жұмыстары уақытша тоқтатылған. Барлық жұмысты көктемгі тасқын басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
«Жұмыстар Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірлеген 2025-2027 жылдарға арналған елді мекендер маңындағы өзен учаскелерін санациялау жөніндегі Жол картасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, елді мекендерді су басу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Еске салайық, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бес облыста су тасқынының алдын алу шарасын күшейтуді тапсырған болатын.