«Кеген – Нарынқол» жолындағы учаскені қарғын су шайып кетті
Бүгін Алматы облысының Райымбек ауданында сағат 11:30 шамасында республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолында су өткізу құбыры зақымданып, жол төсемі шайылып кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.
Компанияның мәлімдеуінше, аталған учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аймақ қатарына жатпаған.
«Қазір уақытша қозғалыс шектеліп, айналма жол арқылы жүру ұйымдастырылды. Тиісті қызметтің 20 арнайы техникасы жұмылдырылып, жақын арада қиыршықтас төсемі бар уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізу құбыры мен жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары еріген судың өтуі толық аяқталғаннан кейін басталады», деп мәлім етті компания.
Аталған учаскеде тәулігіне шамамен 500 көлік өтеді, ол 1960–1970 жылдары салынған.
Еске сала кетсек, Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.