Канадалық компания Қазақстанның мал шаруашылығына ЖИ енгізуі мүмкін

Канадалық компания Қазақстанның мал шаруашылығына ЖИ енгізуі мүмкін
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешеніне жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жаңа жобалар қолға алынуы мүмкін. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің канадалық TELUS Agriculture компаниясының басшылығымен кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өндіріс тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект шешімдерін енгізу және саланы цифрлық трансформациялаудың бірлескен жол картасын әзірлеу мәселелерін қарастырды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан үшін дәстүрлі экстенсивті шаруашылықтан заманауи қарқынды технологияларға көшу стратегиялық маңызға ие.

«Ет және мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс ішкі нарықта да, көрші елдерде де тұрақты өсіп келеді. Сондықтан өндіріс көлемі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтеру қажет. Біз халықаралық технологиялық көшбасшыларды тартып, олардың тәжірибесін тікелей өндіріске енгізуге мүдделіміз», – деді ол.

Министрдің мәліметінше, цифрлық шешімдерді енгізуге арналған бірнеше пилоттық алаң анықталған. Олардың қатарында Қызылорда облысындағы 50 мың басқа арналған «Қамыстыбас» жобасы мен Қарағанды облысындағы өндірістік алаң бар. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында да жаңа серіктес тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Кездесу барысында канадалық инвесторлар Ақмола облысының табиғи-климаттық жағдайы Канаданың Альберта провинциясына ұқсас екенін атап өтті. Осыған байланысты олар өңірде топырақ құнарлылығын бақылау, өсімдіктерді қорғау және дақылдарды дәл іріктеу үшін жасанды интеллектке негізделген пилоттық жобаны іске қосуға дайын екенін жеткізді.

Компания ұсынған деректерге сәйкес, АҚШ-тың Небраска штатындағы 200 мың басқа арналған бордақылау алаңында осындай цифрлық кешенді енгізу нәтижесінде малдың салмақ қосу көрсеткіші айтарлықтай артқан. Соның арқасында жем-шөп шығыны мен өндірістік алаң көлемі қысқарып, жалпы тиімділік шамамен 70 пайызға өскен.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Ақмола облысындағы пилоттық жобаны жан-жақты пысықтауға келісті. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тәжірибе еліміздің өзге өңірлеріне де енгізілмек.

Айта кетейік, TELUS Agriculture компаниясы бүгінде әлемнің 60 елінде жұмыс істейді. Оның цифрлық платформалары шамамен 101 млн гектар егістік алқапты қамтиды. Компания өсімдік және мал шаруашылығы салаларында деректерге негізделген технологиялық шешімдерді ұсынады.

Бұған дейін елімізде барлық ет түрін өндіру көлемі 338 мың тоннадан асқанын жазған болатынбыз.