JOLTAP жобасының курсын оқыған астаналық өзінің ательесін ашып жатыр
Елордадағы JOLTAP жобасы астаналықтарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, табысын арттыруға және өз ісін бастауға көмектесіп келеді. Жоба қатысушысы Маржан Жанпейісова оқу өзінің кәсіби өрлеуі мен кәсіп бастауына қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Маржан Жанпейісова JOLTAP жобасы туралы Instagram желісінен жарнама арқылы көрген. Оқу мүмкіндіктері қызықтырған соң толық ақпарат алуды ұйғарған.
«Барғанымда бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, содан кейін мен бірден екі курсқа – тігін және модельер конструктор курсына жазылдым», – дейді ол.
Бүгінде ол JOLTAP-та алған білімнің нақты нәтиже бергенін айтады. Сондай-ақ ол дамуға және алға ұмтылуға мүмкіндік бергені үшін жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
«Оқытушыларға 10-нан 10 деген балл қояр едім. Сабақты жеңіл, ұғынықты тілмен түсіндіреді екен. Жалпы, тігін тігу өзіме ұнайды. Бұрын да өзім тігетінмін. Дегенмен көп нәрсені курстан үйрендім. Тігін курсын бітіріп, енді қазіргі таңда модельер конструктор курсын оқып жатырмын. Тігін курсында бірге оқыған Жұлдызбен бірлесіп, өз ательемізді ашып, ісімізді бастап кеттік», – дейді Маржан.
Бұған дейін үй шаруасымен айналысып келген Маржан Жанпейісова алдағы арман-мақсаты жайлы да айтып өтті.
«Қоғамға пайдалы іспен айналысқымыз келеді. Істеген жұмысымызға риза болатын клиенттеріміздің қатары арта түссе екен дейміз. Әрине, табысымыздың да көбейгенін қалаймыз», – деп түйіндеді JOLTAP жобасына қатысушы.
Бұдан бұрын JOLTAP жобасы туралы пікір білдірген Астана тұрғыны курстан кейін табысы екі есеге артқанын айтқан еді.