iPhone-дағы iCloud бұлттық қоймасына қатысты алаяқтық схема пайда болды

Бүгін, 14:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
iPhone-дағы iCloud бұлттық қоймасына қатысты алаяқтық схема пайда болды
Фото: freepik.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы бұлттық сервистерді пайдаланушыларға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Шетелдік дерек көздердің мәліметтері бойынша зиянкестер iPhone пайдаланушыларына iCloud бұлттық қойманың толып кеткені туралы жалған электрондық хаттар, SMS хабарламалар және хабарландыруларды жаппай таратуда.

Хабарламаларда аккаунттың бұғатталатыны және фото суреттер, бейнелер мен құжаттардың жойылуы мүмкін екені көрсетіледі.

Бұл хабарламалар бұлттық платформаларды қоса алғанда танымал сервистердің, ресми ескертулерін толықтай қайталайды, бұл олардың шынайы екеніне сенім тудырып, пайдаланушыны әрекет жасауға итермелейді.

Шұғылдық әсерін күшейту үшін пайдаланушыларға сілтеме арқылы өтіп, сақтау көлемін ұлғайту, төлем деректерін жаңарту немесе қолжетімділікті қалпына келтіру ұсынылады.

Сілтемені басқан кезде ықтимал құрбандар түп нұсқа сервистерді көшіретін фишингтік сайтқа түседі, онда енгізілген логиндер, құпия сөздер және банк деректері кибер қылмыскерлердің қолына түседі.

Осындай жолмен түрлі бұлтты сақтау сервистері (Google Drive, Mail.ru бұлты, Яндекс Диск және т.б.) туралы хабарламалар жіберілуі мүмкін.

Қауіп-қатердің осы түрі тарала бастағанын ескере отырып, ескере отырып, мыналар ұсынылады:

- SMS, электрондық пошта және мессенджерлердегі «шұғыл» хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу;

- бұлттық қойманың жағдайын тек ресми қосымшалар немесе сайттар арқылы тексеру;

- бөгде парақшаларда логиндер, құпия сөздер және банк деректерін енгізбеу;

- барлық бұлттық және пошталық аккаунттарда екі факторлы аутентификацияны қосу;

- әртүрлі сервистер үшін бірегей және күрделі пароль дерді пайдалану;

- бұзып кіру күдігі болған жағдайда дереу құпия сөзді ауыстырып, барлық белсенді сессияларды аяқтау қажет.

Бас прокуратура деректердің жойылуы немесе аккаунттың бұғатталуы туралы кез келген хабарламаны тек ресми сервистер арқылы тексеруді ескертті. 

Еске салайық, бұған дейін полиция азаматтарды инвестиция саласындағы алаяқтардан сақ болуға шақырғаны туралы жаздық.