Интернетте есірткі сатудан 2 млрд теңге тапқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

Интернетте есірткі сатудан 2 млрд теңге тапқан қылмыстық топ мүшелері сотталды
Фото: freepik.com

Маңғыстау облысында миллиардтаған айналымы бар есірткі желісіне қатысты іс бойынша сот үкім шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс прокуратурасына сілтеме жасап.
 
Еске салсақ, 2025 жылы қыркүйек айында Маңғыстау облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары «Дюнь оператор» интернет есірткі дүкенінің қызметін жүзеге асырған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты бірқатар резонансты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады.
 
Осы іс бойынша Жамбыл, Ақтөбе облыстарының аумағында және Шымкент қаласында 4 адам ұсталды. Тергеу барысында олардан 2 млрд теңгеден астам ақша тәркіленіп, жалпы құны 100 млн теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.  Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан аса ірі мөлшерде есірткі тәркіленді.
 
19 ақпан және 20 наурыз аралығында қылмыстық істі қарау нәтижесінде трансұлттық және ұйымдасқан топ мүшелері есірткі өткізу, аса ірі мөлшерде сақтау, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға  кінәлі деп танылды.
 
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімдерімен күдіктілерге 16 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
 
2 млрд теңгеден астам ақша қаражаты мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ сотталғандарға тиесілі люкс санатындағы көліктері тәркіленді.
 Сот үкімдері заңды күшіне енген жоқ.