Интернет-алаяқтар ұрлаған 850 мың теңге иесіне қалай қайтарылды

Интернет-алаяқтар ұрлаған 850 мың теңге иесіне қалай қайтарылды
Фото: pexels.com

Талдықорған қаласының прокуратурасы интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шекен азаматқа ақшалай қаражатын толық көлемде қайтарып берді. Ол үшін прокурорлар қаржылық активтерді қорғаудың заманауи цифрлық құралдарын қолданған, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде прокурорлар Ұлттық банкінің «Антифрод-орталығы» платформасында инцидент құрған. Осылайша, ұрланған ақша түскен банк шоттары жедел анықталып, бұғатталған. 

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заң нормаларына сәйкес қабылданған шаралардың нетижесінде ұрланған 850 мың теңге күдіктілердің шоттарынан алынып, заңды иесіне қайтарылды», - деді ведомстводан.

Жетісу облысының прокуратурасы интернет алаяқтан зардап шеккенде құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгініп, транзакция туралы деректерді жедел ұсынса, қаражатты бұғаттау мен қайтаруға көбірек мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Бұған дейін Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға сеніп, 6 млн теңгесінен айырылғанын жазған едік.