Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға сеніп 6 млн теңгесінен айырылды

Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға сеніп 6 млн теңгесінен айырылды
Фото: Freepik.com

Ақкөл ауданының тұрғыны бір аптада 6 миллион теңге болатын үш несие ресімдеп, барлық қаражатты интернет алаяқтарға аударған деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Былтыр қазан айында әйел мобильді қосымшаның бірінде мемлекеттік төлемдер туралы жарнаманы көрген. Сілтемеге кіріп, өзінің телефон нөмірін қалдырады. Содан кейін оған өзін инвестициялық компанияның қаржылық кеңесшісі ретінде таныстырған белгісіз әйел қоңырау шалады.

Алаяқтар 48 жастағы әйелге тұрақты және жоғары кіріс түсетін «инвестициялық қызметке» қатысуға шақырады. Кеңесшілердің сөзіне сенген әйел олардың айтқандарын орындауға кіріседі.
30 қазанда ол банктен 2 млн теңге бөліп төлеу несиесін ресімдейді. 5 қарашада басқа банктен осыған ұқсас сомаға тағы бір бөліп төлемді, ал 6 қарашада 2 млн теңгеге тауарлық несие рәсімдеген. Осылайша, бір апта ішінде 6 млн теңге несиенің ақшасы белгісіз шоттарға аударылады.

17 қаңтарда әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арыз берді. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алудың жаңа тәсілі іске қосылғанын хабарлаған едік.