Ғалым Шахмардан Есеновтың мұрасы қалай сақталып келеді
Шахмардан Есеновтің мұрасын сақтау тек ғалымның есімін ұлықтаумен шектелмейді. Бүгінде оның ғылыми жолын кейінгі ұрпаққа таныту, еңбектерін жинақтау және ғылымға қызығушылық танытқан жастарды қолдау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2013 жылы академиктің немересі Ғалымжан Есенов Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми-білім беру қорын құрды. Қордың негізгі миссиясы – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамыту. Оның бағдарламалары арқылы нақты және жаратылыстану ғылымдары бағытында білім алып жүрген студенттер мен жас ғалымдарға қолдау көрсетіледі.
Ғалымның өмірі мен қызметі туралы кітаптар да жарық көріп келеді. Қор 2017 жылы Есеновтің 90 жылдығына орай оның библиографиясын және ғалым туралы еңбектер жинағын шығарған. Сол жылы туған жері Тартоғайдағы мектепте Есеновке арналған музейді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ғалым туралы төрт кітаптың 80 данасы мектепке берілген.
Есенов мұрасын сақтаудың тағы бір бағыты – оның есімін ғылыммен байланыстыру. Қор академиктің атымен шәкіртақы тағайындап, жас зерттеушілерге әлемнің жетекші зертханаларында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріп келеді. Мәселен, 2026 жылғы бағдарлама бойынша 10 грант қарастырылған.
Ғалымның еңбектерін кеңінен насихаттау үшін қордың кітапханасында ғылыми-көпшілік басылымдар орналастырылған. Бұл материалдардың бір бөлігі оқырмандарға онлайн қолжетімді.
Ал Есеновтің 100 жылдығына орай оның есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталған ірі жоба қолға алынған. 2027 жылы Ақтаудағы Yessenov University аумағында академикке арналған монумент орнату жоспарланған. Жоба оның өмір жолын Сырдариямен, Маңғыстау табиғатымен және геологиялық барлау тарихымен байланыстыратын тұжырымдамаға негізделген.
Ғалымның артында 16 монография, 200-ден астам ғылыми мақала мен бірнеше еңбегі қалды. Бүгінде Алматы, Қызылорда, Жезқазған қалаларында оның есімінде көше, Ақтау қаласында Ш. Есенов атындағы университет бар. Жезқазған университетінің озат студенттеріне, Ғылым Академиясының аспиранттарына Ш. Есенов атындағы стипендия беріледі. Өзі оқыған «Тартоғай» орта мектебіне есімі берілген. Көзін көргендердің ұйымдастыруымен «Біртуар Шахмардан», «Главный геолог» атты екі кітап пен «Академик Шахмардан Есенов» фотоальбомы шығарылған.
Осылайша, Шахмардан Есеновтің мұрасын сақтауда ғалымның ғылыми ұстанымын жаңа буынға жеткізуге бағытталған жұмыстар жалғаса бермек.