Есіл жағалауында балық аулау ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді

Есіл жағалауында балық аулау ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Есіл өзенінің жағалауында және қаладағы су айдындарында балық аулау ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді. Бұл туралы Байқоңыр ауданы әкімдігі мен Сарайшық ауданы әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Байқоңыр ауданында Есіл өзенінің жағалауында көгалдарды таптау және оларды қоршаған қоршауларды бұзу фактілері анықталған. Аудан әкімі Талғат Рахманбердінің хабарлауынша Байқоңыр ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері тұрғындар мен демалушыларға профилактикалық-түсіндіру жұмысын жүргізген. 

Тәртіп сақшылары тұрғындарға арнайы белгіленбеген орындарда суға шомылуға, балық аулауға, көгалдар мен жасыл желектерді бүлдіруге, сондай-ақ қоршаулар мен абаттандыру элементтеріне зиян келтіруге жол берілмейтінін түсіндірді.

«Құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 386, 505 баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген және айыппұл салынатыны ескертілді», делінген хабарламада.

 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by @talgat_rakhmanberdi

Сондай-ақ Сарайшық ауданы әкімдігі де қала тұрғындарына елорда су айдындарында балық аулау ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.

«Балық аулау ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Балықты заңсыз аулағаны, балық аулаудың тыйым салынған құралдарын қолданғаны, тыйым салынған жерлерде немесе тыйым салынған кезеңде балық аулағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, ал қайта бұзған жағдайда – 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған», делінген хабарламада.

Әкімдік азаматтарды табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға және белгіленген шектеулерді сақтауға шақырды.

 

Еске сала кетсек, таяуда Үкіметте балық шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланды.