Есіл өзенінде қысқы аэрация жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қыс мезгілінде Есіл өзеніндегі балық қорын сақтау бағытында аэрация жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аэрация жұмысы суды оттегімен қанықтыруға, мұз астында жиналатын зиянды газдарды шығаруға және су айдынындағы тұрақты оттегі режимін сақтауға мүмкіндік береді. Оны жасамаса, қалың мұз бен қардың салдарынан судағы оттегінің мөлшері азаяды. Бұл балықтардың қырылуына әкелуі мүмкін.

Жұмысты «Есіл-Астана» кеме қатынасы компаниясының мамандары орындап жатыр.
Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қызметкері Жанар Сәдуақасованың сөзінше, көктемгі кезеңде мұндай шаралар табиғи экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге және пайдалы биологиялық үдерістердің жандануына ықпал етеді.
«Жұмыстарды орындау үшін арнайы жабдықтар қолданылады. Ол: мұз бұрғылары, сағатына 80 текше метрге дейін өнімділігі бар мотопомпалар, армирленген шлангілер. Аталған жұмысқа жеті маман мен екі қызметтік автокөлік тартылған», – деді ол.
Судың оттегімен қосымша қанығуына ықпал етуі үшін мамандар қамысты орып, оны ойықтарға орнатып жатыр.

Басқарма өкілінің айтуынша, жиыны 16 ойық, 840 тесік және 32 мұзойық жасалды. Қамыстан жасалған баулар орнатылды. Жұмыс өзеннің төрт учаскесінде, яғни «Арқар» көпірінен «Марал» көпіріне дейін, «Қараөткел» көпірінен «Атырау» жаяу жүргіншілер көпіріне дейін, «Серуен» жаяу жүргіншілер көпірінен «Тұлпар» көпіріне дейін, сондай-ақ «Тұлпар» көпірінен газ жабдықтары ауданына дейін жүргізілді.

Бұл шаралар Есіл өзеніндегі оттегі режимін жақсартуға, биоалуантүрлілікті сақтауға және су тіршілігі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін астаналық құтқарушылар Есіл өзенінде патрульдеу жұмыстарын жүргізгенін жазған едік.