Астаналық құтқарушылар Есіл өзенінде патрульдеу жұмыстарын күшейтті
«Мұз» профилактикалық акциясы аясында Астана қаласында ТЖД құтқарушылары күн сайын Есіл өзенінде патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Басты назар профилактикаға аударылады: тұрғындарға үгіт-насихаттау және алдын алу материалдары таратылып, жедел қызметтердің телефон нөмірлері еске салынады. Сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екені аталып өтеді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар еліміздің өзге де өңірлерінде қысқы кезеңде су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған «Мұз» профилактикалық акциясы жалғасып жатыр. ТЖМ құтқару бөлімшелері адамдардың мұз үстіне жаппай шығатын жерлерінде профилактикалық жұмыстар мен патрульдеуді күшейтті.
Абай облысы ТЖД құтқарушылары мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қатпаған және толық бекімеген мұзға шығуға қатаң түрде тыйым салынады.

Алматы облысында тұрғындардың толық қатпаған мұз үстіне шығу жағдайларының жиілеуіне, сондай-ақ Жамбыл ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты профилактикалық рейдтер күшейтілді.
«Бұл оқиға қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтамай, мұз үстіне шығудың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Облыстың ТЖД құтқарушылары өзендерде, көлдерде және су қоймаларында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, мұздың жай-күйін тексеруде, ескерту және тыйым салу белгілерін орнатып, қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруде. Балалар мен мұзда балық аулау әуесқойларына ерекше назар аударылады. Мұздың қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 сантиметр қауіпсіз деп саналатынын еске салады», - деді ведомстводан.

Батыс Қазақстан облысында ТЖД және полиция қызметкерлері, ТЖМ 20982 әскери бөлімі 2-құтқару батальонының әскери қызметшілері мен волонтерлер бірлесіп, өңірдің су айдындарында профилактикалық рейдтер жүргізуде. Рейд барысында балықшылар мен демалушыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, қауіпті аймақтар мен мұзы жұқа жерлер көрсетіліп жатыр.
«ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, қауіпті жерлерде және қолайсыз ауа райы кезінде мұз үстіне шықпауға шақырады. Су айдындарындағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі», - делінген министрліктің хабарламасында.
Бұған дейін Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы аудандық әкімдіктермен және елордалық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша көшпелі түсіндіру іс-шараларын жүргізіп жатқанын жаздық.