Референдум-2026

Ержан Төлеков: Атом энергетикасында стандарт бойынша «қорғаныстың көпдеңгейлі жүйесі» қағидаты қатаң қолданылады

Ержан Төлеков: Атом энергетикасында стандарт бойынша «қорғаныстың көпдеңгейлі жүйесі» қағидаты қатаң қолданылады
Фото: Ержан Төлековтің жеке мұрағатынан

Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі кеңінен талқыланып келеді. Бір тарап оны елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық жоба деп бағаласа, енді бірі радиациялық қауіпсіздікке, экологиялық әсерге және технологиялық сенімділікке қатысты сауалдарын алға тартады. Мұндай жағдайда ғылыми негізделген пікірдің маңызы арта түседі. Осы орайда Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Ержан Төлековпен сұхбаттасып, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздік жүйелері, халықаралық стандарттар және Қазақстандағы АЭС жобасына қойылатын негізгі талаптар туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

– Қоғамда атом электр станциясына қатысты қауіпсіздік мәселесі жиі көтеріледі. Сіздің ойыңызша, бұл алаңдаушылықтың негізгі себебі неде және оны ғылыми тұрғыдан қалай түсіндіруге болады?

– Қоғамдағы алаңдаушылықтың негізгі себебі – радиацияның физикалық тұрғыдан көзге көрінбейтіндігінде және оның ықтимал зардаптарының қоғамдық санада тым ауыр қабылдануында жатыр. Сонымен қатар Чернобыль (1986 ж.) мен Фукусима (2011 ж.) сияқты ірі техногендік апаттардың тарихи салдары, сондай-ақ еліміздің өз басынан өткерген Семей ядролық полигонының қасіреті халық санасында атом технологияларына қатысты ұзақ жылдар бойы жағымсыз ассоциациялар мен психологиялық тосқауыл қалыптастырды.

Ғылыми тұрғыдан қарасақ, кез келген энергетикалық нысан белгілі бір деңгейде тәуекелге ие. Алайда тәуекелді бағалау эмоциялық қабылдауға емес, нақты ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистикаға негізделуі тиіс.

Қазіргі заманауи атом энергетикасында халықаралық стандарттар бойынша «қорғаныстың көпдеңгейлі жүйесі» қағидаты қатаң қолданылады. Бұл жүйе қоршаған ортаны толық оқшаулайтын бірнеше негізгі физикалық тосқауылдардан тұрады:

Бірінші тосқауыл: жоғары температураға төзімді, инертті матрица түріндегі отын таблеткасының (ядролық отынның) өзі;

Екінші тосқауыл: отын элементтерін сыртқы ортадан бөліп тұратын, цирконий қорытпасынан жасалған герметикалық отын қабығы;

Үшінші тосқауыл: ішкі жоғары қысымға есептелген, қалың болаттан құйылған реактордың негізгі корпусы;

Төртінші тосқауыл: станцияның сыртында орналасқан, беріктігі жоғары темірбетоннан тұрғызылған герметикалық қорғаныс қабығы (контайнмент). Ол сырттан келетін механикалық соққыларға (мысалы, ауыр ұшақтың құлауына) да, ішкі максималды авариялық қысымға да төтеп бере алады.

Осы физикалық тосқауылдар кешені кез келген жағдайда радиоактивті заттардың қоршаған ортаға және биосфераға шығуын толық болдырмауға арналған. Сондықтан бүгінгі таңда басты мәселе – атом энергиясынан негізсіз қорқу емес, қоғамның радиациялық сауаттылығы мен экологиялық мәдениетін арттыру болып табылады.

Халық арасында радиация физикасы, иондаушы сәулеленудің табиғаты және оның тірі ағзаларға нақты әсері жөніндегі ғылыми сауаттылық деңгейі әрдайым жоғары бола бермейді. Бұл өз кезегінде түрлі алыпқашпа әңгіме мен қауесеттің таралуына жол ашады.

Радиация – бұл тұрақсыз атом ядроларының ыдырауынан немесе басқа да табиғи ғарыштық көздерден толқын немесе бөлшектер түрінде бөлінетін энергия ағыны. Көпшілік қателесіп ойлағандай, радиация тек атом энергетикасына немесе жасанды нысандарға ғана байланысты емес. Адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бері күн сайын үздіксіз табиғи радиациялық фонның әсерінде өмір сүріп келеді.

Табиғи радиация ғарыштан келетін сәулелерден, жер қыртысындағы табиғи радионуклидтерден (ураний, торий қатарлы элементтерден), біз тұратын үйлердің құрылыс материалдарынан (мысалы, гранит), тіпті күнделікті тұтынатын тағамдар мен адам ағзасының өзінен де (ондағы калий мен көміртек изотоптары есебінен) бөлінеді.

Мысалы, кең таралған қарапайым банан құрамындағы калий-40 изотопының болуына байланысты әлсіз табиғи радиоактивтілікке ие. Сондықтан қоршаған ортада радиацияның микроскопиялық мөлшерде болуы автоматты түрде қауіп немесе өлім дегенді білдірмейді. Бұл мәселеде ең маңыздысы – сәулеленудің жиынтық дозасы (эквивалентті және тиімді доза) және оның уақыт бірлігіндегі қуаттылығы.

Халықаралық статистикалық деректерге сүйенсек, қалыпты технологиялық режимде жұмыс істеп тұрған АЭС маңында тұратын халықтың техногендік көздерден алатын жылдық сәулелену дозасы өте төмен болады (әдетте жылына 0,01 миллизиверттен (мЗв) аспайды). Көп жағдайда бұл көрсеткіш адамның жалпы жылдық табиғи радиациялық фон деңгейінен (әлемдік орташа көрсеткіш – жылына шамамен 2,4 мЗв) немесе медициналық диагностикалық мақсатта жасалатын бірнеше рентгендік, компьютерлік томографиялық (КТ) не флюорографиялық зерттеулерден алынатын дозадан әлдеқайда аз деңгейде болады.

Сондықтан қатаң халықаралық нормативтер мен қауіпсіздік ережелері сақталған жағдайда, заманауи АЭС-тің халық денсаулығына және аймақтың биоәртүрлілігіне ешқандай елеулі кері әсері ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Әрине, кез келген ірі өндірістік немесе техникалық нысан сияқты, абсолютті нөлдік тәуекел (zero risk) табиғатта болмайды. Бірақ заманауи III+ буындағы эволюциялық реакторларда сыртқы қуат көздері толық өшкен (яғни станция тоқсыз қалған) жағдайда немесе адам (оператор) қателескен кезде де реактордың белсенді аймағын адамның немесе автоматты техниканың қатысуынсыз қауіпсіз күйге ауыстыратын пассивті қауіпсіздік жүйелері қарастырылған.

Бұл жүйелер тек қана іргелі физика заңдарына – гравитациялық күшке, жылулық конвекцияға және қысымдар айырмасына негізделіп жұмыс істейді. Бұл ірі масштабты гидродинамикалық немесе термоядролық сипаттағы апаттардың ықтималдығын іс жүзінде нөлге жақындатады.

– Чернобыль мен «Фукусима-1» апаттарынан кейін әлемдік атом энергетикасында қандай түбегейлі өзгерістер болды? Бүгінгі АЭС-тер сол кезеңдегі станциялардан несімен ерекшеленеді?

– Чернобыль атом электр станциясындағы апат (1986 ж.) әлемдік ядролық энергетика тарихында реакторларды жобалау философиясы мен халықаралық «қауіпсіздік мәдениетіне» түбегейлі бетбұрыс әкелген шешуші оқиға болды. Ал «Фукусима-1» апаты (2011 ж.) табиғи апаттар мен катаклизмдерге (цунами, жер сілкінісі) төзімділік талаптарын қайта қарауға және сыртқы инфрақұрылым толық істен шыққан кездегі ауыр апаттарды басқаруды күшейтуге мәжбүр етті.

Сондықтан бүгінгі заманауи станцияларды 1980-жылдардағы немесе одан да бұрын жобаланған реакторлармен тікелей салыстыру ғылыми әрі инженерлік тұрғыдан мүлдем дұрыс емес. Өйткені соңғы бірнеше онжылдықта атом индустриясында технологиялық тұрғыдан бірнеше буынға сапалы алға жылжу орын алды. Жобалау деңгейінен бастап қауіпсіздік концепциясы толықтай өзгерді.

Бүгінгі таңда салынып жатқан заманауи АЭС-тердің сол кезеңдегі ескі станциялардан үш негізгі түбегейлі айырмашылығы мен ерекшелігі бар.

Біріншіден, реакторлардың ішкі физикалық тұрақтылығы (ішкі өзін-өзі реттеу қасиеті).

Чернобыль АЭС-індегі реактордың құрылымында өте үлкен қателік кеткен болатын. Онда белгілі бір жағдайда реактор ішінде бу көбейген сайын ядролық реакция бәсеңдеудің орнына, керісінше, басқаруға көнбей, шексіз үдеп кететін еді.

Ал қазіргі таңда әлемде ең көп қолданылатын және Қазақстанда да салынуы жоспарланып жатқан заманауи реакторлардың (мысалы, ВВЭР немесе PWR типті сумен суытылатын реакторлардың) табиғаты мүлдем басқа. Олар ғылымда «ішкі өзін-өзі қорғау» қасиетіне ие деп аталады.

Мұны қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: егер реактор ішінде қызу қатты көтеріліп немесе су қайнап, бу көлемі арта бастаса, физика заңдары бойынша ядролық реакция өздігінен бәсеңдейді де, автоматты түрде тоқтайды. Яғни жүйе қызып кеткен сайын өзін-өзі өшіруге тырысады.

Сондықтан мұндай заманауи реакторлардың ішінде Чернобыльдегідей жарылыстың болуы физикалық тұрғыдан еш мүмкін емес. Бұл дегеніміз – физика заңдары бойынша реактор ішіндегі температура немесе бу көлемі артқан кезде ядролық реакция өздігінен бәсеңдейді және тоқтайды. Мұндай реакторлар физикалық тұрғыдан Чернобыльдегідей өздігінен жарыла алмайды.

Екіншіден, белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің гибридті комбинациясы.

Бұрынғы ескі станциялардың қауіпсіздігі тек қана электр қуатына, насостардың жұмысына және адамның (оператордың) іс-әрекетіне тәуелді еді. Мұны «белсенді жүйе» деп атайды.

Мысалы, «Фукусима-1» станциясында жойқын цунамиден кейін дәл осы электр желілері мен қосалқы дизельді генераторлар су астында қалып, толық істен шықты. Соның салдарынан су айдайтын насостар тоқтап, реакторды суыта алмай қалғандықтан апат болды.

Ал қазіргі заманауи III және III+ буын реакторларында «пассивті қауіпсіздік жүйелері» бірінші орынға шықты. Олардың басты ерекшелігі – жұмыс істеуі үшін ешқандай электр тоғының, компьютердің бұйрығының немесе адам көмегінің қажеті жоқ.

Мысалы, станцияда жарық толық өшіп, операторлар ештеңе істемей отырған күннің өзінде де реактордың үстінде орналасқан алып ыдыстардағы су тек қана табиғаттың іргелі заңдылықтары – жердің тартылыс күші (гравитация) мен қысымдар айырмасы есебінен төмен қарай өздігінен құйыла бастайды. Бұл су ешқандай сорғысыз-ақ реактордың қызып кеткен өзегін сырттан қосымша көмек келгенше тоқтаусыз суытып тұра алады.

Үшіншіден, «Балқыманы ұстағыш» (Core Catcher) құрылғысының пайда болуы.

Егер гипотетикалық «ауыр апат» орын алып, реактор ішіндегі ядролық отын толық балқып кеткен күннің өзінде, заманауи станцияларда оның алдын алу механизмі бар.

Реактор корпусының астында арнайы отқа төзімді материалдардан жасалған алып «балқыма ұстағыш» (Core Catcher, ловушка расплава) орналасады. Ол балқыған ядролық массаны өз ішіне жинап, оның станцияның бетон іргетасын тесіп, жер асты суларына немесе қоршаған ортаға таралуына жол бермей, ішінде сенімді түрде оқшаулап, суытып тұрады.

Сондай-ақ қазіргі реакторлардың сыртқы бетон қорғаныс қабығы (контайнмент) қос қабатты болып салынады. Бұл кез келген сутегі жарылысының алдын алатын және радиоактивті газдарды іште ұстайтын абсолютті берік тосқауыл болып табылады.

–  Халықаралық деңгейде АЭС қауіпсіздігін бағалаудың негізгі талаптары қандай және Қазақстан осы стандарттарды қаншалықты басшылыққа алады?

– Халықаралық деңгейде ядролық және радиациялық қауіпсіздіктің негізгі талаптары мен жаһандық ережелерін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) қалыптастырады және реттейді. Бұл ұйым бейбіт атомды пайдаланушы әрбір мемлекет үшін қатаң «Қауіпсіздік стандарттары мен нормаларын» (IAEA Safety Standards) әзірлейді.

Бүгінгі таңда халықаралық деңгейде АЭС қауіпсіздігін бағалауда мынадай негізгі және қатаң талаптар қойылады:

Экстремалды сыртқы факторларға төзімділік: заманауи станциялар кем дегенде 8 немесе одан да жоғары балдық жойқын жер сілкіністеріне, ірі су тасқындары мен цунамиге, дауылдарға, тіпті салмағы 400 тоннаға дейінгі ауыр жолаушылар ұшағының тікелей құлауы сияқты сыртқы механикалық соққыларға (техногендік факторларға) төтеп беруі тиіс.

«Адам факторын» толық ескеру: оператордың кез келген қате бұйрығы немесе әрекетсіздігі станциядағы авариялық жағдайды ушықтырмайтындай, техниканың өзі қателікті түзетіп, процесті блоктайтындай интеллектуалды қорғаныс деңгейі болуы керек.

Қазақстан бұл халықаралық стандарттарды жай ғана басшылыққа алып қоймай, өзінің ядролық бағдарламасының әрбір қадамын МАГАТЭ-нің ресми ұсынымдары мен халықаралық конвенцияларына сәйкес жүзеге асырып, халықаралық бақылау принципін ұстанады.

Осы бағыттағы Қазақстанның нақты іс-әрекеттері мен интеграциясын мынадай айғақтармен дәлелдеуге болады:

– Қазақстан МАГАТЭ-нің арнайы INIR (Ядролық инфрақұрылымды кешенді шолу) миссияларын бірнеше рет қабылдады. Соның ішінде маңызды шолулар мен бағалау жұмыстары жүргізілді.

– МАГАТЭ сарапшылары Қазақстанның шақыртуымен АЭС құрылысы жоспарланып жатқан аймақтардың (Үлкен ауылы, Балқаш маңы) геологиялық, гидрологиялық және экологиялық сипаттамаларын халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тікелей зерттеп, мақұлдаудан өткізді.

– Халықаралық талаптарға сай, елде ядролық қауіпсіздікті қадағалайтын дербес мемлекеттік орган – Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті, сондай-ақ арнайы Агенттік жұмыс істейді. Олар АЭС-ті жобалау мен салу процесін тәуелсіз бақылауды қамтамасыз етеді.

– Қазақстан мен МАГАТЭ арасында 2036 жылға дейінгі өзара іс-қимылды тереңдету жөніндегі ауқымды Жол картасына қол қойылған. Бұл құжат елдегі болашақ АЭС-тің құрылысы мен оны пайдаланудың барлық кезеңін халықаралық бақылау мен қауіпсіздік шеңберінде ұстауға кепілдік береді.

Осылайша, Қазақстанда салынатын кез келген атом электр станциясы тек ішкі заңдармен ғана емес, ең алдымен, МАГАТЭ-нің қауіпсіздік нормаларымен және тәуелсіз халықаралық сарапшылардың тұрақты мониторингімен толықтай қорғалатын болады.

– Қазақстанда салынатын атом электр станциясының жобасы таңдалғанда қауіпсіздік тұрғысынан қандай негізгі критерийлер ескеріледі?

– Жоба таңдауда, сөзсіз, бірінші орында қауіпсіздік мәселесі тұрады. Қазақстан өзіне серіктес елді немесе нақты АЭС технологиясын таңдаған кезде экономикалық тиімділіктен бұрын оның техникалық сенімділігі мен радиациялық қауіпсіздік деңгейін басты назарға алады.

Жобаны таңдауда келесідей негізгі қауіпсіздік критерийлері қатаң ескеріледі:

Реактордың III немесе III+ буынына жатуы (эволюциялық технология): Қазақстан тек қана уақыт сынынан өткен, әлемде қазірдің өзінде сәтті жұмыс істеп тұрған және қауіпсіздігі барынша жетілдірілген III немесе III+ буынды су-сулы реакторларын (ВВЭР/PWR) ғана қарастырады. Сынақтан өтпеген, тек қағаз бетінде немесе зертханада ғана бар «эксперименттік» жобалар мүлдем таңдалмайды. Бұл кез келген күтпеген технологиялық ақаулардың алдын алады.

Референттілік (әлемдік тәжірибеде қолданылуы): Ең маңызды критерийлердің бірі – референттілік. Яғни, ұсынылған реактор жобасы бұған дейін әлемнің бір немесе бірнеше елінде салынып, іске қосылып, қалыпты режимде бірнеше жыл қауіпсіз жұмыс істеп үлгерген болуы тиіс.

Сейсмикалық және климаттық төзімділік: АЭС салынатын аймақтың (Алматы облысы, Үлкен ауылы, Балқаш маңы) географиялық ерекшеліктеріне байланысты жобаның сейсмотөзімділігі жоғары болуы керек. Станция кем дегенде 8–9 балдық жойқын жер сілкіністеріне, аймақтағы экстремалды температуралық ауытқуларға (қыстағы қатты аяз бен жаздағы аптап ыстыққа) және күшті дауылдарға төтеп бере алатындай арнайы инженерлік шешімдермен жабдықталуы тиіс.

Экологиялық қауіпсіздік: Қазіргі заманауи жобаларда суды қайта айналымға жіберетін, буландыруды барынша азайтатын және көл суын радиациялық ластанудан толық қорғайтын жабық циклді суыту жүйелері (градирнялар) қолданылады. АЭС-тен шығатын жылы немесе техникалық су көлге тікелей құйылмайды. Бұл Балқаштың флорасы мен фаунасына зиян келмеуінің басты кепілі.

Радиоактивті қалдықтарды басқару технологиясы: Жобада пайдаланылған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды станция аумағында қалай қауіпсіз сақтау, өңдеу және тасымалдау технологиясы толық шешімін табуы керек. Таңдалатын жоба қоршаған ортаға және болашақ ұрпаққа ешқандай экологиялық «жүк» қалдырмайтындай, халықаралық жасыл энергетика стандарттарына сай болуы тиіс.

– Пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтарға қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Әлемдік тәжірибеде бұл мәселе қалай шешіліп келеді және Қазақстан қандай бағытты ұстануы мүмкін?

Әлемдік тәжірибеде бұл мәселені шешудің екі негізгі ғылыми жолы қалыптасқан.

Бірінші жолы – ашық ядролық цикл деп аталады. Мұнда пайдаланылған отын біржола қалдық ретінде қарастырылады. Ол алдымен АЭС жанындағы арнайы су бассейндерінде бірнеше жыл бойы қауіпсіз суытылады. Кейін берік темір-бетонды құрғақ контейнерлерге ауыстырылып, жердің бірнеше жүз метр тереңдігіндегі тұрақты гранитті немесе балшықты қабаттарда мәңгілікке оқшауланады. Бұған Финляндиядағы әлемде алғашқы болып іске қосылған «Онкало» жерасты қоймасы нақты мысал бола алады.

Екінші жолы – тұйық ядролық цикл деп аталады. Мұнда пайдаланылған отын қалдық емес, құнды шикізат ретінде қайта өңделеді. Себебі оның құрамында әлі де пайдаланылмаған уран мен плутонийдің орасан зор энергиясы, яғни бастапқы қуаттың 95%-ға жуығы сақталып тұрады. Франция, Ресей, Жапония сияқты технологиясы озық елдер бұл отынды арнайы зауыттарда химиялық жолмен қайта өңдеп, одан жаңадан МОХ-отын (Mixed Oxide Fuel – аралас оксидті отын) жасап шығарады.

Қарапайым тілмен айтсақ, МОХ-отын – бұл ескі ядролық отынның қалдықтарын қайта өңдеп, оны кәдімгі табиғи уранмен белгілі бір пропорцияда араластыру арқылы алынатын «екінші өмір берілген» жаңа отын түрі. Мұны тұрмыстағы пластик немесе қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, жаңа бұйым жасап шығаратын «ресайклинг» (экологиялық қайта өңдеу) процесімен салыстыруға болады. Мұндай технология қалдықтардың көлемін жүз есеге дейін азайтуға және уран шикізатын орасан зор мөлшерде үнемдеп, реакторларға қайтадан салуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның бұл мәселедегі бағыты барынша прагматикалық, халықаралық заңдарға сәйкес және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болады.

Болашақ АЭС-тен шығатын пайдаланылған отын алғашқы бес-он жыл ішінде станцияның ішіндегі арнайы сумен суыту бассейндерінде сақталады. Одан кейін ол герметикалық, кез келген соққы мен қысымға төтеп беретін алып құрғақ контейнерлерге салынып, станция маңындағы арнайы уақытша қоймаға көшіріледі.

Мұндай контейнерлерде отын ешқандай қауіпсіздік тәуекелінсіз елу жылдан жүз жылға дейін сақтала береді. Бұл мемлекетке ПЯО-ны түпкілікті өңдеу немесе халықаралық келісімшарттар аясында отын жеткізуші елдің өзіне қайтару бойынша ең тиімді шешімді қабылдауға толық уақыт береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтарды сақтайтын бірнеше ірі мамандандырылған орталықтар бар. Бұл нысандар ұзақ мерзімді жерүсті және жартылай жерасты (арнайы инженерлік бетонды бункерлер) сақтау қоймалары болып табылады.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстандағы Үлбі металлургиялық зауыты дайын ядролық отын таблеткаларын және АЭС-ке арналған жылу бөлгіш құрастырмаларды шығарады. Бұл болашақта шетелдік серіктестермен бірлесіп отынды қайта өңдеу мүмкіндігін арттырады.

АЭС-тің жұмысы барысында пайда болатын төмен белсенділіктегі қалдықтар, яғни арнайы киімдер, құрал-саймандар мен сүзгілер, арнайы престеліп, цементтеліп, берік болат бөшкелерге салынады.

Қазақстанда мұндай қалдықтарды қауіпсіз сақтаудың ғылыми және практикалық тәжірибесі жеткілікті. Өйткені Ақтау қаласындағы бұрынғы БН-350 жылдам нейтронды реакторының қалдықтары мен Ұлттық ядролық орталықтың зерттеу реакторларынан шыққан қалдықтар ондаған жылдар бойы МАГАТЭ-нің қатаң бақылауымен қауіпсіз сақталып келеді.

– АЭС іске қосылғаннан кейін оның қауіпсіздігін кім және қалай бақылайды? Халықаралық ұйымдардың бақылауы қандай рөл атқарады?

Атом электр станциясының қауіпсіздігі ешқашан бір ғана мекеменің немесе ұйымның бақылауына қарап қалмайды. Ол бір-біріне тәуелсіз бірнеше деңгейден тұратын ауқымды қадағалау жүйесіне негізделеді.

Қауіпсіздіктің алғашқы әрі ең жедел деңгейі тікелей станцияның ішінде іске асырылады. Станция аумағында реактордың жұмысын, радиациялық фонды және барлық техникалық параметрлерді тәулік бойы үзіліссіз бақылап отыратын жоғары білікті инженерлер, операторлар және арнайы радиациялық қауіпсіздік қызметтері жұмыс істейді.

Реактор өзегі мен станцияның әрбір нүктесіне орнатылған мыңдаған заманауи интеллектуалды датчиктер қысымды, температураны және басқа да маңызды көрсеткіштерді секунд сайын өлшеп, бақылау орталығына жіберіп отырады. Егер қандай да бір көрсеткіш рұқсат етілген қауіпсіздік шегінен титтей де ауытқыса, адамның қатысуынсыз автоматты қорғаныс жүйелері бірден іске қосылып, реактор жұмысын қауіпсіз күйге түсіреді.

Бақылаудың екінші және негізгі мемлекеттік деңгейі тәуелсіз ұлттық реттеуші орган тарапынан жүзеге асырылады.

Атом электр станциясы өзін-өзі ғана тексеріп қоймайды. Оның әрбір басқан қадамы Қазақстан Республикасының Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті сияқты арнайы мемлекеттік қадағалау органдарының тұрақты әрі қатаң бақылауында болады.

Бұл мемлекеттік инспекторлар станцияда жоспарлы және кенеттен жоспардан тыс кешенді тексерулер жүргізіп, ұлттық және халықаралық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалайды. Олардың өкілеттігі өте жоғары. Сондықтан қандай да бір техникалық сәйкессіздік анықталған жағдайда мемлекеттік реттеуші орган станция жұмысына шектеу қоюға немесе оны толық тоқтатуға дейінгі ең қатаң құқықтық шараларды қолдануға құқылы.

Үшінші және ең жоғарғы деңгей – бұл халықаралық бақылау тетіктері.

Мұнда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) жетекші рөл атқарады. Ол елдердің ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық қызметіне тұрақты түрде тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізеді, арнайы халықаралық инспекциялық миссиялар жібереді және жаһандық қауіпсіздік стандарттарының мүлтіксіз орындалуын тексереді.

МАГАТЭ-мен қатар әлемдік ядролық қауымдастықта Дүниежүзілік АЭС операторларының қауымдастығы (WANO) өте маңызды рөл атқарады. Бұл ұйым 1989 жылы Чернобыль апатынан кейін әлемдегі барлық атом электр станциялары бір-бірінен үйреніп, жағымсыз тәжірибелерді қайталамау үшін құрылған болатын.

Қауымдастық тұрақты түрде халықаралық сарапшылардан құралған жоғары деңгейлі топтарды жіберіп, әріптестік инспекциялар (Peer Reviews) өткізеді және станция жұмысын әлемдегі ең озық тәжірибелермен салыстыра отырып, тәуелсіз баға береді.

Осылайша, заманауи АЭС қауіпсіздігін станция ішіндегі автоматика, ұлттық мемлекеттік қадағалау органы және тәуелсіз халықаралық ұйымдар бір мезгілде, параллель түрде бақылайды.

Бұл жүйе қауіпсіздіктің үш деңгейлі сүзгісі іспетті жұмыс істейді. Сондықтан тіпті бір деңгейде қандай да бір техникалық немесе адами қателік жіберілген күннің өзінде де, оны келесі жоғары тұрған тәуелсіз деңгей бірден анықтап, кез келген радиациялық немесе техногендік тәуекелдің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Атом энергетикасына қатысты қоғамда жиі кездесетін қате түсініктердің қайсысы сізді көбірек алаңдатады? Халыққа қандай маңызды ақпарат жеткізгіңіз келеді?

Мені алаңдататын қате түсінік – «радиацияның кез келген мөлшері міндетті түрде ауыр зардап әкеледі» деген пікір.

Шын мәнінде адам табиғи радиациялық фон жағдайында өмір сүреді. Маңыздысы – сәулелену дозасы. Сондықтан радиацияның бар болуы мен оның қауіпті деңгейде болуы – екі түрлі ұғым. Ғылыми бағалау әрқашан нақты дозалар мен өлшеулерге негізделеді.

Ең үлкен қате түсінік – атом энергетикасын радиациялық апаттармен ғана байланыстырып, оның барлық қырын бір ғана қауіп арқылы бағалау.

Көп жағдайда қоғамда «АЭС болса, міндетті түрде қауіпті», «радиацияның кез келген мөлшері зиянды» немесе «атом электр станциясы мен ядролық қару бір технология» деген пікірлер кездеседі. Алайда ғылыми тұрғыдан бұл тұжырымдар дұрыс емес.

Біріншіден, радиация – жасанды құбылыс емес. Біз күнделікті табиғи радиациялық ортада өмір сүреміз. Радиация ғарыштан, жер қойнауынан, құрылыс материалдарынан, тағамнан және тіпті адам ағзасының өзінен де таралады. Сондықтан мәселе радиацияның бар-жоғында емес, оның мөлшерінде және адам алатын сәулелену дозасында.

Екіншіден, атом электр станциясын ядролық қарумен салыстыру дұрыс емес. Ядролық қарудың мақсаты – орасан зор энергияны бір мезетте босатып шығару болса, атом реакторының мақсаты – сол энергияны бақылауда ұстап, оны біртіндеп электр энергиясына айналдыру. Бұл технологиялық жағынан да, мақсат-міндеті жағынан да мүлде бөлек жүйелер.

Үшіншіден, кейде қоғамда «АЭС қауіпсіз болса, неге халықаралық бақылау керек?» деген сұрақ туындайды. Шын мәнінде атом энергетикасының артықшылығы да осында. Бұл сала әлемдегі ең қатаң бақыланатын салалардың бірі. Әрбір станцияны ұлттық реттеуші органдар ғана емес, МАГАТЭ және WANO сияқты халықаралық ұйымдар да бағалайды. Мұндай көпдеңгейлі бақылау басқа энергетика салаларында сирек кездеседі.

Халыққа жеткізгім келетін басты ой – атом энергетикасына қатысты пікір ғылыми деректерге негізделуі керек. АЭС-ті қолдау немесе қолдамау – әр азаматтың жеке таңдауы. Бірақ кез келген шешім қорқынышқа, қауесетке немесе әлеуметтік желідегі ақпаратқа емес, тәуелсіз ғылыми зерттеулерге, халықаралық тәжірибеге және нақты қауіпсіздік көрсеткіштеріне сүйенгенде ғана қоғам үшін пайдалы болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!