Семейлік ерлі-зайыптылар кезексіз үй әпереміз деген уәдемен 5 млн теңге алған
Семей қаласында полиция мемлекеттен заңсыз жолмен үй алып беру туралы уәдеге қатысты ірі көлемдегі алаяқтық фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай соттары баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланың 36 жастағы тұрғыны 2025 жылғы тамыз айында 56 жастағы әйел мен оның 59 жастағы жұбайының банктегі шотына 5 миллион теңге аударғанын айтып, полицияға арызданған.
Ерлі-зайыптылар жәбірленушіге кезексіз, мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беруге «мәселені шешіп» береміз деп уәде еткен.
Алайда уәде орындалмаған, аударылған қаражат жәбірленушіге қайтарылмаған.
«Аталған дерек бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.
Полиция мемлекеттік тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер немесе жеңілдіктер мәселесін заңсыз жолмен «шешіп беру» туралы ұсыныстар - қылмыстық жауапкершілікке апаратын тікелей жол екенін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін СҚО тұрғыны заңсыз қарыз беруден 1,8 млрд теңгеден астам табыс тапқанын жаздық.