«Энергосбыт» қызметкері ретінде танысқан: алаяқтарға алданған ақтөбелік 5 млн теңгесінен айырылды

Бүгін, 12:14
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Энергосбыт» қызметкері ретінде танысқан: алаяқтарға алданған ақтөбелік 5 млн теңгесінен айырылды
Фото: freepik.com/ЖИ

Ақтөбе облысының тұрғыны телефон алаяқтарына сеніп, 5 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысының Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға 51 жастағы тұрғынының телефонына өзін «Энергосбыт» қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамның қоңырау шалуынан басталған. Хабарласқан адам есептегішті ауыстыру сылтауымен тұрғыннан «1414» нөмірінен келген SMS кодты айтуын сұраған.

Арада біраз уақыт өткен соң тағы бір қоңырау түсіп, бұл жолы өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған. Ол алаяқтар азаматтың атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» сақтау үшін несие алып, аудару қажет екенін жеткізген.

Жәбірленуші алаяқтардың айтқанына сеніп, банк арқылы несие рәсімдеп, 5 090 000 теңгені белгісіз шотқа аударған.

«Аталған алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, полиция департаменті мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан SMS кодты сұрамайтынын және қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейтінін ескертеді. Мұндай қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға хабарласу қажет.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткені туралы жаздық.