24.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Еңбек адамы» бейнебаяны не үшін елордадағы колледжде түсірілді

|
Photo: Видеодан скрин
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Еңбек адамы» бейнебаяны не үшін елордадағы колледжде түсірілді

|
Photo: Видеодан скрин

Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым өзінің орындауындағы «Еңбек адамы» әніне түсірілген бейнебаянға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаннан соң, әртүрлі салада аянбай тер төгіп жүрген мамандардың еңбегін паш ету мақсатында ақын бауырым Қуат Ежембекке осындай әнге мәтін жазып беруді ұсындым. Содан кейін ол шабыттанып, осы ән дүниеге келді.

Көше тазалап, қар күреп, егін егіп, мал бағып жүрген басқа да барлық еңбек адамдарының толассыз еңбегі сыятын ән болсын деген мақсатта ең бірінші әннің сөзі шықты. Содан кейін халықтың есінде көпке дейін сақталып, құлаққа қайта-қайта оралып, айтыла беретіндей ән болсыншы деген талап қойған соң, Арман Қуандық бауырымыз әнін жазып берді. Рухты, жігерлі болсын дегенімізде, осы әнді өңдеп, елдің алдына ұсынған Дәулет Нұржанов бауырымызға да көп рақмет айтамын. Осы үш үйлесім әннің қырын ашты деп ойлаймын», - деді Арайлым Рахым.

Оның сөзінше, «Еңбек адамы» әніне бейнебаянды түсірудегі басты мақсат – еңбек адамдарын, олардың маңдай терін, қоғам дамуына қосып жатқан үлесін көрсету. Бейнебаян әннің көркемдік шешімі емес, шынайы еңбек адамдарының бейнесін көрсетуге үлкен рухани қадам болғанын айтады ол. 

«Бір жиында Сервис және туризм колледжінің директоры Салтанат Қайратқызымен жүздесіп қалғанымызда, ол басшылық ететін оқу орнында қонақүй бизнесі, аспаз сияқты 10 мамандық бойынша болашақ еңбек адамдары тәрбиеленіп жатқанын бөлісті. Мен оған әннің шыққанын жеткіздім. Бір-бірімізді қолдай жөнелдік. Салтанат Қайратқызы «Еңбек адамы» әні колледждің гимні болса деген ұсынысын білдірді. Осылай ән өз орнын тапты. Колледжге барып, болашақ мамандармен жүздесіп, әр аудиторияны аралап шыққанда, ерекше әсерге бөлендім. Әнге бейнебаян түсіру идеясы сол жерде келді. Содан 100-ден аса студенттен хор ұйымдастырылды», - деді ол.

Сонымен қатар Арайлым Рахым бейнебаян түсірілімі барысындағы қызықтар туралы да айтып өтті.

«Бейнебаянды кәсіби мамандармен де түсіруге болатын еді. Алайда еңбектің құнын түсініп жүрген болашақ мамандармен, студенттермен түсіруді жөн көрдік. Түсірілім жұмысы басталған кезде жастардың ерекше қуанғанын байқадым. Ол жерде шынайылық сезілді. Оны бейнебаянда да көрсете алдық деп ойлаймын. Мен үшін кәсіби актерлармен емес, нағыз жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттермен бірге түсу бұл бейнебаянның ең құнды тұсы деп білемін. Өйткені олардың әр қимылы, әр көрнісі жасандылықсыз қарапайымдылық пен шынайылық берді. Студенттермен жұмыс істеу өзінің ерекшеліктерін де көрсетті. Бір жағынан олардың камера алдында қысылған сәттері де болды. Екінші жағынан олардың қызығушылығын, жаңа нәрсені үйренуге деген ерекше талпынысын көрдім. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс әрі қиын, әрі қызықты болды. Қиындығы сол – барлығын қайта-қайта түсіндіру, сезіммен ойнауды үйрету, камера алдында да, бір локацияда да бірнеше түсірілімнің қайталануы. Бірақ жастардың бойындағы ең кереметтілігі олардың еңбекке деген құрметі мен шынайылықты кадр арқылы көрерменге жеткізе білуі деп ойлаймын. Ең бастысы әр кадрдағы әр локация колледждің аумағында орналасқан. Колледжде студенттердің білім алуына барлық жағдай жасалған. Жалпы, түсірілім менің көңілімнен шықты. Бұл жоба маған ерекше шабыт сыйлады. Еңбек адамдарының қадірін музыка арқылы жеткізу мен үшін мәртебе деп білемін», - деді Арайлым Рахым.

Бұған дейін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елордалық колледжде «Еңбек адамы» бейнебаянының түсірілгенін жазған едік.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗