Ақпан айында ең көп бос жұмыс орны Павлодар облысында тіркелді
Ақпан айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 99 мың бос жұмыс орын жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, еңбек сайтында жұмыс іздеушілер 124,9 мың түйіндеме қалдырған. Дегенмен қаңтар айымен салыстырғанда бос жұмыс орындар саны 3,7%-ға, ал түйіндемелер саны 23,1%-ға азайған.
Бос жұмыс орындары әлеуметтік сала мен қызмет көрсету саласында көп болды. Әсіресе, білім беру саласында 26,9 мың бос жұмыс орны жарияланды.
Сонымен қатар басқа қызмет түрлерінде – 14,6 мың, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,4 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 8,6 мың вакансия тіркелді.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта деңгейдегі біліктілікті талап етеді. Мұндай жұмыстар барлық вакансиялардың 44,2%-ын құрады. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындары – 34,4%, біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар – 21,4%.
«Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Павлодар облысы (8,1 мың), Астана (7,8 мың), Түркістан облысы (7,4 мың), Қарағанды облысы (6,6 мың) және Алматы (6,3 мың) қалаларында тіркелді.
Жұмыс іздеушілер арасында ең белсенді өңір – Түркістан облысы. Яғни, 16,8 мың түйіндеме жарияланған. Астанада – 10,2 мың, Алматы облысында – 9,5 мың, ал Алматы қаласында – 9,2 мың түйіндеме тіркелген.
Жас ерекшелігі бойынша жұмыс іздеушілердің ең үлкен бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар. Олар барлық түйіндемелердің 42,3%-ын құрайды. 35-44 жас аралығындағылар – 26,7%, 45-54 жас – 19,8%, ал 55 жастан асқандар – 11,2%.
Әйелдер түйіндемені ең көп қалдырған. Олардың үлесі 54,6%, ерлерде – 45,4%», - делінген хабарламада.
Жұмыс іздеушілер арасында ең көбі – орта білімі бар адамдар болды, яғни, барлық түйіндеменің 41%-ы соларға тиесілі. Жоғары білімі бар мамандар шамамен 31%-ды құрайды. Ал біліктілігі жоқ жұмысшылардың үлесі 28% шамасында.
Ақпан айында ұсынылған ең жоғары жалақы мұнай-газ саласындағы инженер-әзірлеуші қызметіне берілген – шамамен 3,6 млн теңге. Құрылыс саласындағы бас технологқа – 2,8 млн теңге, материалтану технигіне – 2,2 млн теңге ұсынылған.
Ал жұмыс іздеушілер ең жоғары жалақыны ұшқыш мамандығына – шамамен 3,3 млн теңге, инвестициялық жобалар жөніндегі директор қызметіне – 2,1 млн теңге, оқу курстарын әзірлеушілерге – 2 млн теңге көлемінде күтетінін көрсеткен.
Жалпы алғанда, ақпан айында еңбек нарығындағы белсенділік жыл басымен салыстырғанда төмендеген. Дегенмен, оңтүстік өңірлердегі тұрғындар мен жастардың жұмыс іздеу белсенділігі жоғары болып тұр.
Еске салсақ, жұмысынан айырылған 127 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алғанын жазғанбыз.