Елордалық волонтерлер жалғыз тұратын қариялардың ауласын қардан тазартып, қолғабыс етті
«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері жалғыз тұратын зейнеткерлер мен қарт адамдардың ауласын қардан тазартып, қолғабыс етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталған іс-шара әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Акция аясында волонтерлер көмекке аса мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, елордалық жастар арасында мейірімділік пен белсенді азаматтық ұстаным мәдениетін қалыптастыруда.
Бүгін волонтерлер Байқоңыр ауданындағы жеке сектор аулаларында қар күреу жұмысын жүргізді. Іс-шараға 15 волонтер қатысып, жалғыз тұратын зейнеткерлердің ауласын тазартуға көмектесті.
Айта кету керек, көрсетілетін көмек тек физикалық еңбекпен шектелмейді. Волонтерлер тұрмыстық басқа да жағдайларға қолғабыс етіп, қарияларға рухани қолдау жасайды.
«Қарт адамдар үшін мұндай жұмыс оңай емес. Сондықтан волонтерлердің көмегі біз үшін өте маңызды. Қазіргі жастардың үлкендерге құрметпен қарап, осындай игі істерге атсалысып жүргені қуантады. Барлығыңызға алғыс айтамын», – деді елорда тұрғыны.
Бұл бастама ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуға ықпал етуде. Қарттар волонтерлерді ризашылықпен қарсы алып, шай мен тәтті ұсынып, алғысын білдіреді.
«Біз «Қамқорлық мекенжайы» акциясын тұрақты түрде өткіземіз. Оның мақсаты – жеке секторда жалғыз тұратын зейнеткерлерге қар күреу бойынша көмек көрсету. Бүгін бірнеше әжеге көмектестік, олардың алғысы мен жылы лебізі бізге күш-қуат берді. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді «Астана жастары» волонтері Дарья Олейникова.