Елордалық салауатты өмір салты дәрігері: Ішімдікке салынған жастарға психологтар анонимді түрде кеңес береді

Бүгін, 10:11
elordaaqparat elordaaqparat
Елордалық салауатты өмір салты дәрігері: Ішімдікке салынған жастарға психологтар анонимді түрде кеңес береді
Фото: Айкөркем Жақсығалидің жеке мұрағатынан

Бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдер арасындағы ішімдікке әуестік мәселесі қоғамды қатты алаңдатып отыр. Осы өзекті тақырып төңірегінде Elordainfo.kz тілшіcі Астанадағы №7 қалалық емхананың Салауатты өмір салты дәрігері Айкөркем Жақсығалимен сұхбаттасты.

- Жастардың ішімдікке әуес болуына негізгі себеп не? Ортаның әсері ме, әлде күйзеліс пе?

- Менің ойымша, екеуі де әсер етеді. Қазіргі таңда жастар арасында ішімдікке әуестік себептері әртүрлі. Бірінші — жастар арасында еліктеу, «жассың, бәрін көру керексің» дегендей желіктіретін орта әсер етеді. Психологиялық жағдайдың да ықпалы басым. Әркімнің отбасы жағдайындағы қарым-қатынасы да өзгеше, сабақтағы қиындық немесе достар арасындағы, ортадағы, қарым-қатынастағы қысымдар, шектеулер, өзін жалғыз сезіну кіреді деп ойлаймын.

- Жастардың арасында стресті немесе оқудағы қиындықтарды ішімдікпен басу үрдісі қаншалықты жиі кездеседі?

- Ішімдікпен басу уақытша ғана ұмыттыруы мүмкін болар, дегенмен әдетке айналып кетпеуіне кім кепіл? Практикамызда жоғары оқу орындарында ондай жағдайлар кездесіп тұрады.

- «Ішімдік ішу – ересек көрінудің белгісі» деген қате түсінікті жастардың санасынан қалай алып тастауға болады?

- Әр адам – өзіне жауапты тұлға. Отбасындағы тәрбие, қоғам, әлеуметтік желі, адамның өзінің психикалық саулығы да осыған кіреді. Есеюге қатысты жағдайды ата-анасы түсіндіріп, жасөспіріммен ашық сөйлесуі қажет деп ойлаймын.

- Алкоголь әлі толық жетілмеген жасөспірімнің ағзасына (миына, жүйке жүйесіне) қалай әсер етеді?

- Ең бірінші — ми мен жүйке жүйесі бұзылады, есте сақтауға, миға, жүйке жүйесіне де кері әсері басым, жүрек-қантамыр жүйесіне де зияны көп.

- Жастарда ішімдікке тәуелділік ересектерге қарағанда тезірек қалыптасады ма?

- Ересектерге қарағанда жастарға әсер етуі өте тез. Жас ағзаның қабылдауы да солай тез өтеді. Тәуелділікке ерте әсер етеді. Эмоцияға жақын болғандықтан, жастарда ішімдікке әуестік болады.

- Ішімдік жастың мінез-құлқына, оқу үлгеріміне және психологиясына қандай зардап әкеледі? Емхана деңгейінде жастар арасында маскүнемдіктің алдын алу үшін қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- Емханаларда жастар орталықтары бар. Мектеп, жоғары оқу орындарында санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Арнайы мамандар, психологтар келіп түсіндіреді. Дәрістер, түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер өте жиі өтеді. Кей емханаларда Жастар денсаулық орталықтары жұмыс істеп, жасөспірімдерге анонимді психологиялық кеңес беріледі.

- Осы мәселе бойынша жастар немесе олардың ата-аналары емханадан анонимді әрі тегін психологиялық көмек ала ала ма?

- Әрине, ала алады. Жастар орталықтары бар, психолог мамандар бар, сол арқылы кеңес ала алады. Орталықта кеңесті құпия түрде алуға болады. Немесе өзің тіркелген емханаға барып, емхананың психолог мамандарынан кеңес алуға болады.

- Баласының ішімдікке әуес екенін байқаған ата-ана ең алдымен қандай әрекет жасауы керек? Емді неден бастаған жөн?

- Ең алдымен баласымен сөйлесу керек. Ашық сөйлесу керек. Ешқандай ұрыссыз. Бала сөйлескісі келмеген жағдайда, психологқа бірге барып кеңес алу керек. Алдымен мәселеге қандай нәрсе себеп болғанын анықтау керек. Түрлі жағдай кездеседі. Айталық, мектепте құрдастар арасындағы қысым немесе ата-ана тәрбиесі ықпал етуі мүмкін. Яғни баламен түсіністіктің болмауы. Мұндай жағдайда уақытты өткізіп алмай, сабырмен маманның кеңесіне жүгіну қажет.

- Сұхбатыңызға рақмет!

P.S. Жастар арасындағы ішімдікке әуестік – бұл тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның қасіреті. Салауатты өмір салты дәрігері Айкөркем Ақнұржанқызы атап өткендей, бұл мәселені ерте анықтап, маман көмегіне жүгіну арқылы болашақты сақтап қалуға болады. Егер сіздің де жақыныңыз немесе балаңыз осындай тығырыққа тірелсе, №7 қалалық емхана мамандары кәсіби қолдау көрсетуге әрқашан дайын.

Авторы: Розагүл Күнтуған