Елордада қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылды
Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып келеді. Қала аумағында қар күреу жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 2 726 ауыр жүк көлігі рейсі арқылы 45 мың текше метрден астам қар шығарылды.
26 ақпан күні таңертең қалада қар мен көктайғақты тазартуға шамамен 1 600-ден аса арнайы техника және 3 101 жол жұмысшысы тартылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.
Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 410 985 рейспен 6,1 млн текше метрден астам қар шығарылды.
«Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр», - делінген хабарламада
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Еске салсақ, елордада екінші ауысымдағы оқушылар сабақты онлайн оқиды.