Елордада аурухана қызметкерлеріне Конституция жобасының басты нормалары таныстырылды
Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша өтетін жалпыұлттық референдум мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары қатысып, медицина қызметкерлерімен мазмұнды пікір алмасты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиын барысында елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси жаңғыру үдерісінің мәні мен маңызына тоқталып, жаңа Конституция жобасының басты нормалары таныстырылды.
Кездесуде бір палаталы Парламентке көшу, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сияқты концептуалдық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар елдегі демократиялық қағидаттарды нығайтуға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Сонымен қатар, референдумға дайындық барысы, Конституциялық комиссияның жұмысы және қоғаммен ашық талқылау кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қызметкерлер қойған сұрақтарға жауап беріліп, олардың ұсыныстары мен пікірлері ортаға салынды.
Кездесу қорытындысында алынған мәліметтер қызметкерлердің алдағы қадамдарын айқындауға және реформалардың мазмұнын терең түсінуге негіз болатыны айтылды. Ал жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады.
Еске сала кетсек, Астанадағы «Достық» үйінде конституциялық реформадағы өзгерістер талқыланды.