Достық үйінде конституциялық реформадағы өзгерістер талқыланды
Елордадағы Достық үйінде «Әзербайжандар қауымдастығы» РҚБ-ның ұйымдастыруымен конституциялық реформалар кезеңінде Халықтық кеңес шеңберіндегі этномәдени бірлестіктердің институционалдық қызметін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға этномәдени орталықтардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен сарапшылар қатысты. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы өзгерістердің маңызы, этномәдени бірлестіктердің рөлі және алдағы референдумдағы қоғамның жауапкершілігі жайлы сөз қозғалды.
«Бүгінгі кездесуде этномәдени бірлестіктердің Халық кеңесіндегі алар орны ерекше екені айтылды. Елімізде 130-дан астам ұлт өмір сүрсе, әзербайжан халқының орны айрықша. Діліміз де, дініміз де, түріміз де бір. Ұшақ апаты кезінде көрсетілген қолдау – екі ел арасындағы бірліктің айқын көрінісі.
Жаңа Конституция реформасында этномәдени орталықтардың рөлі маңызды. Халық кеңесі – халықтың үнін билікке жеткізетін алаң. Бұл – еліміздің стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды тетік. Тағдыршешті кезеңде қабылданатын Конституцияға елдегі барлық азаматтың қатысуы қажет. Еліміздің басты құндылығы – тұрақтылық. Болашағымыз – балаларымыз. Сондықтан 15 наурыз күні жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын», - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай, Астана қаласы ҚХА хатшылығының бас маманы Жанна Әбдуали және Respublica партиясы Орталық аппаратының өкілі Дастан Дәулетияров та сөз сөйлеп, Конституциядағы өзгерістердің артықшылығына тоқталды.
«Конституция – мемлекеттік биліктің бағытын айқындайтын, адам құқықтарына кепілдік беретін, елдің экономикалық және әлеуметтік саясатының негізін қалыптастыратын басты заң. Конституциялық референдум – мемлекеттің ең іргелі негізін жаңарту үдерісі әрі халықтың тікелей қатысу тетігі. Бұл – жоғары демократияның көрінісі.
Ұсынылып отырған өзгерістер Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихи кезеңі қорытындылануда. Осы уақыт ішінде Ассамблея ұлтаралық келісімді нығайтып, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде стратегиялық миссия атқарды. Қазақстан – ортақ үйіміз. Тағдырымыз бір, Конституциямыз бір, жауапкершілігіміз ортақ. Қазақстанның күші – халықтың бірлігінде. Сондықтан баршаңызды Конституцияны қолдауға шақырамын», - деді «Әзербайжандар қауымдастығы» филиалының төрағасы Бақыш Гулиев.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, этномәдени бірлестіктердің ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы рөлін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетсек, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының мүшелері елордадағы ASTI ЖШС ұжымымен құрылыс басында кездесті.