Елордада Есіл жағалауында қоғамдық тәртіпке қатысты рейд өтті
«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Есіл өзенінің жағалауында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аудан әкімдігі мамандарымен бірлесіп қоғамдық орындарда тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.
Полиция қызметкерлері көшелерді, аулаларды, қоғамдық кеңістіктер мен көпшілік демалатын орындарды патрульдеп, құқық бұзушылықтардың алдын алады және тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қояды. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан жұмыстар тазалықты, абаттандыруды және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.

Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асхат Жұмағалиевтің айтуынша, рейд барысында полиция қызметкерлері елорда тұрғындары мен қонақтарына түсіндіру жүргізіп, санитарлық талаптарды сақтау, қала аумағына ұқыпты қарау және қоғамдық орындарды ластамау қажеттігін еске салады. Әсіресе қоқысты арнайы белгіленбеген орындарға тастау, қоғамдық аумақтарды ластау, темекі шегуге тыйым салынған жерлерде темекі өнімдерін пайдалану, сондай-ақ абаттандыру және аумақтарды күтіп ұстау қағидаларын бұзу жағдайларына ерекше назар аударылады.
«Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, профилактикалық әңгімелер жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратады және тазалықты сақтау әрбір тұрғынның жауапкершілігі екенін азаматтардың есіне салады», – деді Асхат Жұмағалиев.

Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті сақтау, абаттандыру қағидаларын сақтау және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған профилактикалық рейдтер елорданың барлық алты ауданында тұрақты негізде өткізіледі. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салсақ, елордада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жалғасуда.