Референдум-2026

Елордада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жалғасуда

Бүгін, 09:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жалғасуда

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Сарайшық ауданындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті маңында балалардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қалалық полиция ұйымдастырған іс-шара мешіттің айналасы мен оған іргелес қоғамдық кеңістіктерді қамтыды. Аталған аумақта адам көп шоғырланатындықтан, тәртіп сақшылары көпшілік жиналатын орындарға ерекше назар аударды.

Рейд барысында құқық қорғау органдары бірнеше бағыт бойынша кешенді тексеру жүргізді. Сондай-ақ жақын маңдағы сауда орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарының кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға тыйым салатын заң талаптарын сақтауына тексеріс жүргізілді.

«Жасөспірімдермен қоғамдық орындардағы тәртіп нормалары, жеке қауіпсіздік шаралары және құқық бұзушылық жасаған жағдайда туындайтын жауапкершілік туралы түсіндірілді», - делінген хабарламада.

Іс-шара қорытындысы бойынша ата-аналар мен кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдеріне кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жүргізілді.

Полиция балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны және тауарларды өткізу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Тәртіп сақшылары жүргізілген рейдке түсіністікпен қарап, азаматтық жауапкершілік танытқан аудан тұрғындарына алғыс білдірді.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысын қаланың барлық ауданында жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, елорданың саябақтарында «Заң мен тәртіп» акциясы аясында рейдтер жүріп жатыр.