Елордада Alatau City Bank қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы таныстырылды
Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы қалалық филиалының өкілі, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек Alatau City Bank қызметкерлерімен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мәслихат депутаты Қанат Ғалымжанұлы қоғамда «ескі» және «жаңа» Конституция ұғымдарына қатысты түсінбеушілік бар екенін атап өтті.
«Бізде «ескі» немесе «жаңа» Конституция деген атау жоқ. Қолданыстағы Конституция және жаңа Конституцияның жобасы бар. Жобаға көптеген өзгерістер енгізілді. 1995 жылғы Конституцияны 12 адам жазған. Ал қазіргі жобаға бүкіл халық атсалысты деуге болады. Бейнелеп айтсақ, оны 12 адам емес, 12 миллион адам жазды», – деді депутат.

Оның айтуынша, алғашында 2 мыңға жуық ұсыныс түссе, кейін арнайы құрылған комиссия аясында қосымша 8 мыңнан астам пікір мен сұрақ жолданған. Жалпы алғанда, 10 мыңнан астам ұсыныс қаралған. Комиссия құрамына 130 кәсіби маман енген.
Депутат сөз бостандығына қатысты тараған пікірлерге де түсінік берді. Оның айтуынша, бұл құқық сақталған, тек нормалар заман талабына сай нақтыланған.
«Біз 30 жыл ішінде тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптастық. Енді уақыт талабына сай алға жылжу қажет. Конституция – қоғамды реттейтін негізгі заң. Сондықтан әр өзгеріс халықаралық ахуал мен ішкі тұрақтылықты ескере отырып қабылданады. Әр азамат өз ойын ашық айтып, сұрақ қоюдан қорықпауы керек. Конституция – бүкіл халықтың құжаты», – деді Қанат Ғалымжанұлы.
Кездесу барысында банк қызметкерлері өзін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа жобаға қатысты жан-жақты жауап алды.

