Елордада 200-ге жуық қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді

Елордада 200-ге жуық қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті елордадағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бағыты бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыс қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті елорда аумағында мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне мемлекеттік бақылау жүргізетін негізгі орган болып табылады.

Департамент өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен қолданыстағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әдістемелік көмек көрсетіп, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну және оларды қайта болдырмау үшін ұсыныстар жолдайды.

«Мемлекеттік бақылау шеңберінде 2025 жылы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарында жүргізілген, жоспарлы және жоспардан тыс тексеру іс-шаралары, сыртқы байқау нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталып, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар енгізілді.

Сондай-ақ департамент азаматтардан түскен арыз-шағымдарды қарап, оның ішінде егерде шағым негізді болса, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша да жұмыстарды әрдайым жүргізіп отырады.

Жалпы, 2025 жылдағы жүргізілген мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша департаментпен 30 мыңнан астам бұзушылық анықталды, 200-ге жуық қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді. Осы орайда, өз қызметін тиісті дәрежеде атқармаған 26 қызметкер тәртіптік, 14 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 747 080 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Бұзушылықтардың басым бөлігі департаментпен қызмет берушілердің ақпараттық жүйелерге қол жеткізу арқылы сыртқы байқау барысында анықталған.

Оған қоса, «ИС INDIGO электрондық балабақша» ақпараттық жүйесінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 135 азаматтың құқығы қорғалды. Яғни мектепке дейінгі жастағы балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жіберу үшін кезектіліктері қалпына келтірілді.

«Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстары өткізілді. Бұл алаңда қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар департамент бақылау функцияларынан басқа мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасының бұзылуын алдын алу үшін тұрақты түрде ақпараттық түсіндірме іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру мақсатында «Қызмет алушылар күні», мемлекеттік қызмет көрсететін қызметкерлерге арналған «Қызмет беруші мектебі», мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің азаматтарға сапалы қызмет көрсетуін жетілдіру үшін «Ең алдымен адамдар» бағдарламалық оқытулар өткізіледі», - делінген департамент ақпаратында.

Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды іске асыру шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруді талап ететін мәселелер де анықталып жатады.

Осы орайда, департамент мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі сервистік процестерді автоматтандыру, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәсілін іске асыру бойынша тұрақты түрде ұсыныстар әзірлейді және мемлекеттік қызметтердің сапасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың қанағаттану деңгейінің төмендеуіне әсер ететін факторларға тұрақты түрде талдау жүргізіп отырады.

Мәселен, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерді талдау барысында E-gov электрондық үкімет порталында кейбір қызметтер портал инфрақұрылымына интеграцияланбағандығы анықталып жатады, осы негізде ақпараттық жүйелерді портал арқылы қолжетімділікке жеткізу бойынша да шараларды департамент уақытылы қабылдауда.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар қызметтермен қатар бизнес, инвестиция, субсидия және мемлекеттік қолдаудың өзге де бағыттары бойынша мемлекеттік функцияларды оңтайландыру және артық бюрократиялық рәсімдерді қысқарту жұмыстары жүргізілгендігі туралы атап өткен жөн.

Департамент мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуын алдағы уақытта да жіті бақылауда ұстайтын болады. Егер де мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде құқықтарыңыз бұзылса, департаментке жазбаша немесе «электронды үкімет» веб-порталы немесе, E-otinish платформасы арқылы электронды түрде, сондай-ақ EgovKzBot 2.0 телеграм-бот «Уәкілетті органға өтініш» батырмасы арқылы жүгіне аласыз.

Еске салсақ, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы қандай жобалар жүзеге асатынын жазған едік.