Еліміздің өңірлерінде 26 жаңа медициналық бөлімше ашылды
Елімізде облыстық көпбейінді ауруханаларды жаңарту бағдарламасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлманың мақсаты өңірлердегі мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Жыл басынан бері стационарлар базасында 403 төсекке арналған 26 жаңа бейінді бөлімше ашылды. Олар терапиялық бағыттағы ең сұранысқа ие: гастроэнтерология, ревматология, пульмонология, эндокринология, нефрология, гематология және кардиология сияқты жеті бейін бойынша құрылды.
Жаңа бөлімшелер тұрғындар өздері тұратын өңірде тікелей диагностикадан өтіп, ем ала алуы және облыстық әрі республикалық орталықтарға шығу қажеттілігін азайту мақсатында ашылуда», - делінген хабарламада.

Ақтөбе облысында 16 төсектен тұратын екі жаңа бөлімше – гастроэнтерология және нефрология бөлімшелері ашылды. Бұған дейін мұнда ревматология бөлімшесі құрылған болатын.
Қостанай облысында 25 төсекке арналған гастроэнтерология, 20 төсекке арналған эндокринология және 30 төсекке арналған пульмонология бөлімшелерін ашу көзделген.
Қызылорда облысында 20 төсекке арналған ревматология және 20 төсекке арналған гастроэнтерология бөлімшелері ашылды.

Павлодар облысында 20 төсектен тұратын пульмонология және гастроэнтерология бөлімшелері, ал Жетісу облысында 10 төсекке арналған пульмонология, 15 төсекке арналған гастроэнтерология және 10 төсекке арналған нефрология бөлімшелері ашылды.
«Бағдарлама шеңберінде халықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, төсек қорын бейіндер бойынша қайта бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бейінді бөлімшелердің кеңеюі ауруларды уақтылы анықтауға, емдеуді ерте кезеңдерде бастауға және асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі жетілдіріліп, телемедицина дамытылуда, құзырет орталықтары құрылып, медицина кадрларын жергілікті жерде даярлау және олардың біліктілігін арттырудың заманауи тәсілдері енгізілуде.

Еске салсақ, елімізде 4 мыңнан астам адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан электронды кезек арқылы өтті.