Елімізде 4 мыңнан астам адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан электронды кезек арқылы өтті

Бүгін, 15:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде 4 мыңнан астам адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан электронды кезек арқылы өтті
Фото: Magnific.соm

Ақмола облысы мен Алматы қаласында медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібін жеңілдетуге бағытталған электронды кезек пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Қазірдің өзінде МӘС-ке электронды кезек арқылы 4 323 адам жазылған. Оның 4 050-і сараптамадан өтіп үлгерді. Бұл электронды кезекке жазылғандардың жалпы санының 94 пайызын құрайды.

Электронды кезек арқылы азаматтар МӘС бөліміне баратын күн мен уақытты алдын ала таңдай алады. Яғни адам қабылдауға ерте келіп, ұзақ уақыт кезек күтіп отырмайды.

Электронды кезекке жазылу Әлеуметтік қызметтер порталында жүргізіледі. Медициналық ұйым қажетті мәліметтерді МӘС-ке жібергеннен кейін азаматтың телефонына сараптамаға жазылуға болатыны туралы SMS хабарлама түседі.

Одан кейін Әлеуметтік қызметтер порталындағы жеке кабинетке кіріп, МӘС-ке жазылу қызметін таңдау қажет. Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай қажетті бөлімді автоматты түрде анықтайды. Содан кейін бос күндер мен қабылдау уақыттарын көрсетеді. Азамат өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдап, кезекті брондайды.

Жазылу аяқталған соң азаматқа SMS арқылы МӘС бөлімінің қабылдау күні, уақыты, мекенжайы және электронды кезек нөмірі жіберіледі.

Қабылдауға үш күн қалғанда жүйе азаматқа қосымша ескерту хабарламасын жолдайды. Егер адамның жоспары өзгеріп, белгіленген уақытта бара алмайтын болса, жазылуын жеке кабинеті арқылы өз бетінше тоқтата алады. Ал азамат белгіленген уақытта келмеген жағдайда, оның жазбасы автоматты түрде жойылады.